|
07.12.2021 | 19:25
5323

Зейнетақы қорынан ақша алуға асыққан атыраулықтар банкке ағылды

Мекеме әкімшілігі соңғы бір аптада тұтынушылар санының күрт өскенін айтады

Зейнетақы қорынан ақша алуға асыққан атыраулықтар банкке ағылды Almaty.tv

Келер жылдан бастап зейнетақы қорынан алатын қаражатқа қол жетпей қалуы мүмкін деп дүрліккен атыраулықтар дереу құжат тапсыруға кіріскен. Көпшіліктің басты мәселесі тұрғын үйге қатысты болғандықтан, олар қаражат кұюды «Отбасы банкі» арқылы рәсімдеуді жөн санапты. Алайда мекеме әкімшілігі соңғы бір аптада тұтынушылар санының күрт өскенін айтады. Бұл қызмет көрсету сапасына да әсер етпей қоймаған көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

2022 жылдан бастап зейнетақы қорынан ақша алу мүмкіндігі азаятынын естіген тұрғындар тездетіп құжаттарын рәсімдеуге кіріскен. Осылайша, баспана алу үшін «Отбасы банкіне» келушілер қатары күрт көбейіпті. Мекеме әкімшілігі қызметкерлер санын да көбейтіпті, десе де, соңғы бір аптада тұтынушылар 30-40 пайызға артқан дейді. Бұл қызмет көрсету сапасына да әсер еткен көрінеді.

«Не істеп жатқанын білмеймін, 1,5 сағаттан бері әлі отырмыз. Осылай жүргеніме 2 күн болды», – дейді қала тұрғыны Бақтыгүл Саназарова.

«Телефон соқсаңыз, көтермейді. Сосын амалсыздан осылай өзіміз келдік. Мұнда қаншама халық жүр», – дейді тағы бір тұрғын Майра Құдаева.

«Атымдағы зейнетақы қорынан ақшамды алып, қызымның жалға алған үйінің қарызын жабайын деп едім. Сол үшін осында келіп тұрмын. Мұндай кезек бар екенін білгенім жоқ», – дейді келесі бір тұрғын Амантай Жаубаев.

Зейнетақы қорындағы өзгерістерді естіген тұрғындар жыл соңына дейін қаражатын оңтайлы пайдаланғысы келетіндерін алға тартады. Бәрін бірдей қабылдап үлгере алмағандықтан, банк әкімшілігі қызметкерлер санын көбейтіп, штаттан тыc тағы 80 адамның демалыссыз жұмыс істейтінін жеткізді.    

«Бұл операцияны жүзеге асыру үшін оларға арнайы шот аштыру керек. Сол себепті азаматтар мерзім бойынша үлгеру мақсатында банкке келіп жатыр. Қазіргі таңда банкке келген азаматтар саны көбейді. Жалпы залда 10 менеджер отырып еді, қазір 4 менеджер қосып жатырмыз. Сонымен қатар штаттан тыс 80 кеңесші бар», – деді «Отбасы банк» филиалы директорының орынбасары Нұрболат Батыр.

Алайда менеджерлер саны біз барған уақытта толық құрамда көрінбеді. Ал тұрғындар аз ғана қалған уақытта жинағының бір бөлігін пайдаланғысы келіп, ұзын-сонар кезекті амалсыз күтуде. Онлайн форматты енгізгенмен, көпшілік ол қызмет түрінің тілін білмейтінін жеткізді. Ал үй алу операциясын орындау үшін кемінде бір ай көлемінде уақыт кететінін ескерген жөн.

Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир