«Бәйтерек» монументі, медиафорум: 2002 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

yandex.by
yandex.by
Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел Тәуелсіздігінің он бірінші жылы, яғни 2002 жыл Денсаулық жылы ретінде жарияланды. Расында да, ұлттың саулығы – мемлекеттің байлығы. Ұрпақтың келешегіне, ұлттың денсаулығына қатысты түйткілдер осы тұста қалыптасқаны шындық. Сондай-ақ дәл сол жылы ежелгі Тараз қаласының көптен күткен 2000 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2002 жыл. Еуразияның кіндігі – елорда төрінде шыңына алтын шарды көтерген, күміс түсті, жарқыраған мұнара – «Бәйтерек» монументі пайда болды. Ол көкке ұмтылған ел астанасының символына айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың сызба нұсқасы негізінде тұрғызылған «Бәйтерек» монументі халықаралық байқауда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі 2002 жылғы ең үздік нысан ретінде алтын медальға лайық деп танылды. Оның биіктігі – 97 метр. Бұл ел тарихының жаңа бастауындай болған астананы Арқа даласына көшірген 1997 жылды білдіреді. Зәулім ескерткіш салтанатты түрде 2002 жылдың 29 тамызында ашылды.

«Ең қуаныштысы, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Өзіміздің байрағымыз бар. Тәуелсіздіктің сол байрағы мәңгі желбіреп тұрсын деп тілейміз. Ел-жұрт аман болсын. Қазақ елінің тарихы ғасырдан-ғасырға қаймағы бұзылмайтындай, нәрін бұзбайтындай жете берсін! Тәуелсіздігіміз баянды болып, ұрпағымыз жақсы өмір сүрсін», – деді ҚР еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев.

Сондай-ақ 2002 жылы Қазақстан халқына жолдауын жариялау күні өзгертілді. Бұл келесі жылға арналған міндеттерді мейлінше мұқият зерделеу және республикалық бюджет жобасын әзірлеу барысында оларды жіті қарастыруға қабылданған шешім болатын. Тұңғыш Президент Үкімет алдына келесі жылдан бастап Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың үшжылдық бағдарламасын жасауды міндеттеді. Өйткені жерге қатысты жекеменшікке негізделген жер қатынастарын реформалау өзекті мәселе болатын. Осылайша, ауылға айрықша назар аударылды.

«Ауылшаруашылығы – мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігі. Ауылшаруашылығы – экономиканың драйверіне айнала алатын ірі локоматив. Ауылшаруашылығы – өндіріс, ауылшаруашылығы – халқымыздың бақ-берекесі», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.

2002 жыл 25-27 сәуірде Алматы қаласында бірінші Еуразиялық медиафорум өтті. Ал осы шараға қатысып, оны ашып берген ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырды Еуразияның қарқынды даму ғасыры деп бағалады. Бұл форумға әлемнің 30 елінен келген жетекші ақпараттық агенттіктердің 200-ге жуық БАҚ өкілі қатысты. Алқалы жиынға келген беделді журналистер, саясаткерлер, кәсіпкерлер мен ғалымдар алдында шығыс пен батыс арасында диалог орнату міндеті тұрды.

«Қазақстан аз ғана уақыт ішінде экономикалық саяси-реформалар жүргізді. Біз нарықтық экономикасы бар мемлекет ретінде танылдық. Цензураға Конституциямен шектеу қойдық. Сөз бостандығы қалыптасты. Ақпараттық саланың жаңа құқықтық экономикалық дамуын қамтамасыз еттік», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев (2002 жыл).

2002 жыл 25-26-шы қыркүйекте Қазақ елі ежелгі Тараз қаласының 2000 жылдығын дүрілдетіп тойлады. Атаулы күн ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен ұйымдастырылды. Мерейтойға арналған мәдени һәм рухани іс-шаралар өтіп, тарихи орындар қалпына келтірілді. Бірқатар ескерткіш бой көтерді. Мерекелік шараларды Н.Назарбаевтың өзі салтанатты түрде ашып берді.

Қасымхан Талғатұлы, Рамазан Өмен, «Aлматы» телеарнасы

Новости партнеров