Егемендіктің он екінші жылында ел ертеңі үшін бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. 2003 жылы Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші құрылтайы өтті. Әлемдік аренадағы орынды нығайтқан экономикалық, саяси жаңалықтар да ел дамуының алғышарты іспеттес еді. Ірі сратегиялық бағдарламалар, қабылданған мерзімді шешімдер мен өзгерістер Тәуелсіздікті нығайта түскеніне күмән жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сол жылдың қыркүйек айында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елордада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезі өтті. Бұл идеяны Кофи Аннан, Джордж Буш, Маргарет Тэтчер сынды ықпалды саясаткерлер қолдады. Съезге әлемнің діни конфессияларынан 17 делегация қатысты. Еліміз үшін әлемдік деңгейдегі басқосу абыроймен өтті.
2003 жылы экономиканың дамуы үшін маңызды шешім қабылданды. Қазақстан, Ресей, Беларусь президенттері бірыңғай экономикалық кеңістік құру ниеті туралы келісімге қол қойды. Мамандардың айтуынша, бұл – елдің көш ілгері дамуына ықпал етті.
«Еліміздегі тауар өндірушілері үшін зор мүмкіндік ретінде бағаланады. Себебі көршілес мемлекеттермен нарықтың ашылуы, бірыңғай кедендік тарифтердің жасалуы, тарифтік реттеудің бірыңғай жүйеге келтірілуі еліміздің кәсіпкерлері, бизнес субъектілері үшін оң мүмкіндік және іскерлік белсенділікті арттырады деп есептеймін», – деді экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Рақымжан Елшібаев.
17 желтоқсан күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өлім жазасына мораторий жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Жаза өмір бақи түрмеде отыруға алмастырылған еді. Бұл жаңалық атылғалы тұрған 6 адамды құтқарды. Саясаткердің айтуынша, бұл – заңнаманы демократияландыруға бағытталған шешім еді.
«Бұл – гуманитарлық жүйені ізгілендіру процесінің бастамасы болды. Осылайша, Қылмыстық кодексті ізгілендіру жолында үлкен реформалық жүйе басталды деп айтуымызға болады. Бұл – 2003 жылдың ең басты жетістігі. Әсіресе сыртқы саясаттағы демократияландыру саласындағы үлкен жетістігі», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ саясаттану және әлеуметтік философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Жомарт Симтиков.
Бұл жылы елордада пайдалануға берілген «Думан» ойын-сауық кешеніндегі океанариум дүниежүзілік мұхиттың бір бөлшегі іспеттес болды. Ол бірден Гиннестің рекордтар кітабына еніп, елдің атын әлемге тағы бір танытты. Сондай-ақ осы жылы Елбасы Алматыдағы соңғы заманауи үлгіде салынған әуежайдың ашылу салтанатына қатысты. Сол кезеңнен бері елдің алыс-жақын шетелмен байланысы артып, Қазақстанның әлемдік аренадағы орны нақтыланды.
Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы