Шараның басты мақсаты - жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттап, тарихи оқиғалардың маңыздылығын дәріптеу
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен елорда күніне орай Наурызбай ауданы әкімдігі ғимаратының алдында «30 жылда 30 тарихи оқиға» сурет салу флешмобы өтті. Мұнда 30 жас суретші 1991 жыл мен 2021 жыл аралығындағы еліміз үшін елеулі оқиғаларды суреттеген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттап, тарихи оқиғалардың маңыздылығын дәріптеу.
«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында балалардың, суретші балаларымыздың арасында 30 жылдағы елеулі оқиғаларды насихаттау болып табылады. Балалардың белсенділігі өте жоғары, барлық қатысушылаға рақмет айтамын», – деді Наурызбай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мадина Шыныбаева.
Ал қатысушылар өзіне берілген оқиғаны жан-жақты ашу үшін барын салған. Таратылған тақырып арасында тарихи оқиғалардан бөлек, бүгінгі күннің өзекті мәселелері де бар.
«Тіл үш тұғырлы» деген тақырып түсті. Осы тақырыпты мен осылай суреттедім. Біздің кезімізде, қазіргі кезде ағылшын мен орыс тілі көп қолданылып жатыр. Сондықтан осылай бейнеледім және мында кітаптары тұр», – деді қатысушы Шырын Райымова.