Кіші Алматының жағалуын қайта құру қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен 2020 жылы басталған болатын
Алматыдағы Терренкур абаттандыру жұмыстарынан кейін қайта ашылды. Кіші Алматы өзенінің бойындағы жаяу жүргіншілер аймағында елорда күнінің қарсаңында салтанатты іс-шара өтіп, тұрғындарға пайдалануға берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қайта жөндеу жұмыстары кезінде аймақтағы көк майсаға нұқсан келтірмеуге баса назар аударылған болатын. Онымен қоса 150 ағаш пен 5 мыңнан астам бұта отырғызылды.
«Былтыр құрылыс жұмыстарын бастадық. Ал, биыл абаттандыруға көбірек көңіл бөлдік. Кіші Алматы өзенінің су өткізу қабілетін арттыру маңызды болды. Себебі мұнда су толып кеткенде жоғарғы және төменгі жақта орналасқан жеке үйлерді су басып қалған кездер де болды. Сондықтан шлюздерді, гидротехникалық құрылымдар мен көпірлерді ауыстырдық», – деді қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.
Сондай-ақ қала тұрғындарының ұсыныстары бойынша автотұрақтың орнына спорт және балалар алаңдары ұйымдастырылып, дәретханалар орнатылды.
Одан өзге орындықтар мен гүлзарлар орнатылған. Айта кету керек, барлық шешімдер жергілікті тұрғындармен талқыланды. Ажарланып, жаңа реңге ие болған өзеннің бойында кешкі серуен құрып, спортпен айналысатын алматылықтар да көбейіп келеді.
Блиц:
«2 айдай болды күнде балалармен баскетбол ойнап жүреміз. Барлығын әдемілеп істеп қойды. Көп рақмет», – деді қала тұрғыны Асқар Бұланов.
«Қазіргі күйі өте жақсы деп ойлаймын. Бәріне ұнайды», – деді қала тұрғыны Гүлшат Ракисбаева.
«Қазір келдім. Маған ұнайды. Бәрі керемет, бәрі тамаша», – деді қала тұрғыны Арман Ырысәлиев.
Ал сарапшылардың пікірінше, жаяу жүргіншілер аймағы ыңғайлығымен қатар барынша қауіпсіз болуы керек. Ол үшін өзен бойында жарықтандыру және жұмсақ жабындар төсеу жұмыстары жүргізілді.
«Саябақтарға тиісті қауіпсіздік көше инфрақұрылымын жүргізу қажет. Халық мұнда өзін қауіпсіз сезінуі үшін жақсы жағдайлар жасалуы керек. Яғни, саябақтың айналасында жылдамдығы төмен қолайлы орта құру керек. Ал бұл жерді қауіпсіз әрі ыңғайлы мекен деп айта аламын», – деді қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Роман Барабанов.
Кіші Алматының жағалуын қайта құру қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен 2020 жылы басталған болатын. Бүгінде өзен бойының шамамен 9 шақырымы қайта жөндеуден өткен. Атап айтқанда, көпірлер қалпына келтіріліп, өзен арнасы қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ габиондық құрылымдар жөнделді.
Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы