2004 жыл еліміздің қоғамдық-саяси һәм рухани өмірінде елеулі өзгерістер, айтулы жаңалықтарымен есте қалды. Бұл дата алдымен Тәуелсіздігімізге бір мүшел толуымен қымбат болды. Бәсекеге қабілетті экономика, бәсекеге қабілетті ел болу жолындағы күреске толы жыл болуымен есте қалды. Ұлттық мәдениетімізде айрықша орын алатын «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылдануы айтулы оқиға болды. Дәл сол жылдың 28 мамырында Шығыс Қазақстан облысында еліміздің 15 миллионыншы тұрғыны өмірге келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2004 жыл Қазақстанда Ресей жылы болып жарияланды. Елімізге көрші мемлекеттің Президенті Владимир Путин ресми іссапармен келді. Екі ел басшысы Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісімге қол қойды. Екі жақтың ұзақ мерзімді ғарыш бағдарламасы бекітілді. Президент дәл осы жылы бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. 13 қаңтарда Елбасы 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы жарлық шығарды. Рухани ағартушылық саласындағы басты құжат ұлттық стратегиялық жобаға айналды.
«Мәдени мұра» бағдарламасы шындығында, жойылып бара жатқан құндылықтарымызды өмірге қайта алып келгендей болды. Сол бағдарлама арқылы көптеген нәтижеге қол жеткіздік. Қазақ халқы, ата-бабамыз ежелден, сан ғасырлар бойы қаншама мол мұраны қалдырып кетті. Соның бәрін жаңғыртудың мол мүмкіндігі болды десе де болады», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов.
Бұл жылы тағы бір атаулы дата – Қазақстан теміржолының 100 жылдық мерейтойы тойланды. Қазақ даласындағы шойын жолдар тарихы сонау 1994 жылы Орынбордан Ташкентке дейінгі Түркістан теміржолының тармағынан басталады. Қазан айында Алматыда Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесіне мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің екінші кездесуі өтті. Сол жылы ұйымға Тайланд корольдігі жаңадан қабылданған еді.
«Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып жатыр. Бұл аз уақыт емес, бір ұрпақ өсіп шықты деген сөз. Бәрі салыстырумен танылады дейді ғой. Тәуелсіздіктің арқасында есімізді жиып, жоғалтқанымызды түгендеп жатырмыз», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.
2004 жылы 19 сәуірде мемлекет басшысының Жолдауы жарияланды. Ел президенті Жолдауында бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарынан орын алу туралы стратегиялық міндет қойды. Бұл жылы 204 инвестициялық жоба іске асырылса, соның тең жартысы даму институттарының қолдауымен жүзеге асты. Осындай жетістіктерді саралап, келешекке көз жүгірткен Елбасы дамыған елдердің қатарынан лайықты орын алуды діттеді. Ал 24 желтоқсанда елордада Мемлекет басшысының жаңа резиденциясы Ақорда сарайы таныстырылды. Үш жыл бойы қызу қарқынмен жүрген құрылыс жұмыстарына Еуропа мен Қазақстанның танымал сәулетшілері атсалысты. Мемлекеттік маңызды нысанның құрылысына 26 ұлттың мамандары мен жұмысшылары жұмылдырылды. Ғимараттың жалпы ауданы – 36 мың 720 шаршы метр.
«Қазақстанымыздың, астанамыздың Ақордасы осы ғимарат болсын. Лайым халқымызға, елімізге құтты болсын. Біздің кейінгі келетін талай-талай, жүздеген, мыңдаған ұрпақ осы орданың ішінде шешімдер қабылдап, халқымыздың болашақ бағына деген ұшқыр ниетіменен, көңіліне деген бақытына деген шешімдерді қабылдайтын болсын», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев (2004 жыл).
Осы сәттен бастап мемлекет өміріне қатысты маңызды шешімдер президент сарайы Ақордада қабылдана бастады. Осылайша, Ақорда Тәуелсіз Қазақстанның маңызды ұлттық символдарының біріне айналды.
Қасымхан Талғатұлы, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы