Қазақстан тәуелсіздігінің 2010 жылы тарих қойнауына дербес мемлекеттің мерейін әлемдік елдер алдында асқақтататын шараларды жүзеге асыруымен ерекшеленді. Расында, 2010 жыл – Қазақстанның тарихында бұрын-соңды қолы жетпеген асуларды еңсеруі арқасында нәтижелі жыл болды деп топшылауға болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2010 жылы әлемдік саясатта айымыз оңынан туып, еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді жаһандағы айбарлы да алпауыт ұйымға төрағалық етті. Тізгінді мықтап ұстап, төрағалықты лайықты өткеріп қана қоймай, тың бастама – Астана Саммитін абыроймен атқару арқылы әлемге тағы бір қырымыздан танылдық.
«Еуропадағы қауіпсіздік ұйымының басты қағидасы – сенім. Сенім, яғни бір-бірімізге деген сенім, ұлттың, халықтың сенімі. Екіншіден, халықаралық қатынастағы шексіз қарым-қатынас. Ол дегеніміз, осы ұйымға мүшелік еткен елдер арасынан қыл өтпестей берік, мызғымас серіктестік болуы керек. Сонда ғана біз берік ел ретінде кез келген қауіптің бетін қайтара аламыз», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
2010 жылы Қазақстан халықаралық саясатта мемлекеттің беделін асырған, абыройын асқақтатқан іргелі істерді тындырды. Ең мақтанарлығы, тарихта алғаш рет Қауіпсіздік кеңесінің қабырғасында қазақ тілінде баяндама жасалды.
«Біз қашанда Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуін қолдаймыз. Мен 2007 жылы 7 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа мұның біз үшін маңыздылығын қуана жеткізген болатынмын. Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесі Саммитінің Астанада өтуін құптаған едім», – деді Франция президенті (2007-2012) Николя Саркози.
2010 жылы 7 сәуірде Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесіп, қадірлі қонақтарды құшақ жая қарсы алған болатын. Кездесу барысында Бас хатшы Елбасына ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, оны Қазақстан аумағынан шығартқаны үшін тағы да алғысын білдіріп, ерекше ықыласын жеткізген еді.
«Саяси мәдени жағынан алғанда өте маңызы бар ерекше тарихы дата болды деп атап айтсақ болады. Президенттік жүйенің қалыптасуы, Қауіпсіздік кеңеске басшылық ету, Біріккен Ұлттар ұйымымен серіктестік ету – үш атқарушы күштің қалыптасуы Тәуелсіздігіміздің тіреуі болып отыр», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ әлем-тарих факультетінің меңгерушісі Кәмшат Молданқызы.
2010 жылы әлемдік үйлесім, интеграция игігілін барлық дін өкілдерімен талқыға салу мақсатында Қазақстан тағы да жаһандық ғалымдардың басын бір алаңға жинап, пікір алмасты. Ондағы мақсат қандай дін өкілі болмасын, қандай істі болсын, бейбітшілік келісіммен шешу болатын.
«Ең дамыған елдердің бәрі бүгін биіктерге интеграция арқылы жетіп отыр. Бүкіл адамзат ғаламдану жолымен дамып жатыр, оған қарсы тұру емес, оның ішіне ену керек. Етек-жеңді қымтап, есік-терезені жауып отыру дамуды тежейді, көш соңында қалдырады», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Қорыта келе 2010 жыл Қазақстан үшін сыртқы саясатта өзге елдермен етене байланыс орнатуда көш бастап тұрған ел ретінде тарихта таңбаланды. Жаһандануға жол бастаған Қазақстан жаңа белестерін осы жылдардан бастап бағындырып келеді.
Әлібек Шынтемір, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы