Тәуелсіздік шежіресі: 2015 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тәуелсіздіктің 2015 жылы телегей де, тосын да жаңалықтарға толы болды. Ол жылдың мазмұнын парақтасақ, бұған дейінгі Президент тапсырмаларының арқасында қолға алынған бастамалар мен бұған дейін көтерілген іргелі істердің нәтижелеріне куә боласыз. 2015 жылдың басты саяси оқиғаларының бірі – кезектен тыс өткен Президент сайлауы еді. Ал 2 қыркүйекте Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер – Айдын Айымбетов ғарышқа самғап, халықаралық экипаждың құрамында Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. Тағы бір маңызды оқиға – Жамбыл облысының Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Президент орынтағы үшін үш үміткер сынға түсіп, нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,7 пайыздық дауысына қол жеткізіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Дауыс берушілер тiзiміне енгiзiлген 9 млн  547 мың 864 сайлаушының 95,21 пайызы науқанға қатысып, рекордтық көрсеткіш тіркелді. 

«Менің ең бірінші алғысым халқыма арналады! Халық біздің жүргізіп жатқан саясаттың дұрыс екенін тағы да бір мығымдап, маған тағыда үлкен жүк артып отыр. Мұндай сенім болмаса, болашақтағы қиын-қыстау жұмыстарды атқаруда оңай емес болар еді», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

29 сәуір. Қайта сайланған Президенттің инаугурациясы елордадағы еңселі ғимараттардың бірі – Тәуелсіздік сарайында өтті. Ұлықтау рәсімінің өзі де ерекше тарихи мәнге ұласты. Өйткені Қазақстан Республикасы Президентiне жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант берген соң Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, алда тұрған басты мәселелерге тоқталды. Президент сайлауалды тұғырнамада көрсетілген «Нұрлы жол» бағдарламасынан туындайтын 5 халықтық реформасын жария етіп, оны жүзеге асыратын «100 нақты қадамын» Ұлт жоспары етіп ұсынды.

«Мен үшін ел сенімінен асқан мәртебе жоқ. Сол сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай тәуекелге де бармын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

2015 жылдың 7 мамыры. Еліміздің түкпір-түкпірінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Астанада айтулы мерейтойға арналып әскери парад ұйымдастырылды. «Қазақ Елi» алаңында қазақстандық әскери ұшқыштар жоғары ұшу мәнерлерін асқан шеберлікпен орындап, әуе кеңістігінде жеңістің мерейтойлық мерзімін білдіретін «70» санын жазды.

«Армысыздар, әскерлер. Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнімен сіздерді құттықтаймын. Қымбатты Отандастар, құрметті сардарлар мен сарбаздар Отан қоғаушылар күні және Ұлы Отан 70 жылдық мерейтойы баршаларамызға құтты болсын», – деді Елбасы. 

Сонымен қатар, 2015 жылы 2 қыркүйек күні Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер – Айдын Айымбетов ғарышқа самғап, халықаралық экипаждың құрамында Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. Оның жанында ресейлік ғарышкер Сергей Волков пен Еуропа агенттігінің астронавты, дат Андреас Могенсен болды. Біздің космонавт 10 қыркүйекте даниялық әріптесімен бірге Жерге оралды. Айдынды әріптестерімен бірге әуежайда күтіп алуға Елбасының өзі барды. Ғарышқа бортинженер ретінде сапар шеккен Айдын Айымбетов Арал теңізі суының ластануы мен Каспий теңізінің мұнай өндірісі кезіндегі бүліну деңгейін зерттеп қайтты. Бұрын Қазақстан тек Байқоңырымен белгілі болса, енді елімізде тұтас аэроғарыш саласы қалыптасты.

«Біздің космоновтымыз енді үшеу болды. Әлі де көбейе береді деп сенеміз. Болашағымыз әр уақытта ғарыштың биігіндей болсын», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

2015 жылғы 11 қыркүйекте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу – халқымыздың даңқты шежіресіне тағзым және қазіргі ұрпақ үшін тарихтан тағылым алу екенін атап өтті. Осылайша, сол жылдың 8 қазанында Жамбыл облысының Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтті. Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадан басталып, Таразда жалғасын тапқан мерекелік шаралардың маңыздылығын атап өтті. Монументті ашу рәсіміне 5000-ға жуық адам қатысты. Ескерткіш стелласының биіктігі 28 метрді құрайды, оның тұғырында биіктігі 4,2 метр болатын Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндері қойылған.

«Біз ең бірінші рет Тараз қаласында Көне Тараз археологиялық көне қалашықтың орнын кеңінен аштық. Біз бірінші рет өзіміздің тарихында көрсетіп жатырмыз. Бізде көшпенді өмір салты ғана емес, біз қолөнері дамыған, одан басқа өмір салты болғанын көрсеттік», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі (2014-2019 ж.ж.) Арыстанбек Мұхамедиұлы.

29 қыркүйек Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясына қатысты. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының жүз жылдығына орай «Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045» жоспарын әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар, сөз сөйлеу барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы Жалпыға ортақ декларациясын қабылдау жөнінде бастама көтерді.

Қасымхан Талғатұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров