2014 жыл сәуір айында Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 құрылысының капсуласын салып, алғашқы жұмыстарын бастап берді. Астана-2017 көрме кешенін салу жұмыстарымен танысты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 әлемдік қоғамдастыққа, күллі жұртқа елордамызды таныстыруға мүмкіндік беретінін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2014 жыл, 29 мамыр. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойып, тарихи құжатты бекітті. Бұл мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін көтеріп, халықтың өсіп-өркендеуіне жол ашты. Ал тамыз айында Елбасы сұхбат беріп, еліміздегі негізгі мәселелерге байланысты көзқарасын білдірді. Қазақ ұлтының тарихы діні, тілі, сондай-ақ еліміз үшін аса маңызды Еуразиялық экономикалық одақ туралы айтты.
«Біздің еліміз үшін, жұртымыз үшін, тарихымыз, мәдениетіміз, санамыз, ғұрпымызды өзіміздің тіліміз арқылы ғана жеткізе аламыз. Ең жоғары бағалайтын біздің қасиетіміз, байлығымыз – Тәуелсіздік. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген Тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмайыз және оны қасық қанымыз қалғанша қорғай білуіміз керек», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
2014 жылдың 12 маусымы. Шетелдік инвесторлар кеңесінің ХХVII жалпы отырысы өтті. Жиын шетелдік инвесторлардың Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының екінші бесжылдығын жүзеге асыруға қатысу мәселелеріне арналды. Сондай-ақ ЭКСПО-2017 тіркеу досьесін қорғауға байланысты берген халықаралық көрмелер бюросының туын қабылдау салтанатымен басталды. Қазақстанда шетелдік инвесторлармен тұрақты кездесу жақсы дәстүрге айналды.
«Тәуелсіздік арқылы біз өзіміздің қазақ деген мемлекет екенімізді, ұлт екенімізді, өзіміздің мәдениетіміз бар, тіліміз бар, дініміз бар, ешкімге ұқсамайтын және ешкімнен артық емес екенімізді әлемге паш еттік. Тәуелсіздіктің берген дүниесі – осы», – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов.
2014 жылдың 22 тамызы. Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржолдары іске қосылды. Оның жалпы ұзындығы 1200 шақырымнан асады. Жезқазған – Бейнеу магистралін іске қосу Орталық Қазақстаннан Ақтау портына, Түрікменстанмен шекараға дейін және Парсы шығанағы бағытында ең қысқа теміржол қатынасын құруға мүмкіндік берді. Осылайша, Арқалық – Шұбаркөл теміржол желісі Қазақстанның орталығынан Ресейге, одан әрі Батыс-Еуропа елдеріне шығуды қамтамасыз етеді.
Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы