1992 жыл. Ел егемендігінің 30 жылында дәл осы уақыттың Қазақстан тарихы үшін қайратты іске, қажырлы еңбекке толы болғаны хақ. Жаңадан ғана тәуелсіздігін алып, енді ғана тәй-тәй қадам басқан жас мемлекеттің басты байламдары да осы жылы жасалған еді. Жаңа жылдың табалдырығынан жаңа әрі егемен ел ретінде аттаған Қазақстан 1992 жылы да бірқатар белесті бағындырды, биікке жетті. Соның бәрін жіпке тізіп, еске түсірсек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әуелгі қадамын мемлекеттің қаржысын жасақтау мен өзіндік алтын-алмасын өндіруге кірісуден, әскер жасақтаудан бастаған Қазақстан сол бір ғана жылдың өзінде 25 елге ресми делегация аттандырып, 70 елмен дипломатиялық қатынас орнатты. Тәуелсіздігін 108 мемлекетке мойындатты. Мұның бәрі бірер сөзге сыйғанымен, іс жүзінде елеулі күш пен жігерді, саяси ұтқырлық пен нақты шешімді талап ететін қадамдар еді.
1992 жылдың 4 маусымында елдіктің ең әуелгі белгілері – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қабылданды. Ту, Елтаңба мен Әнұран әлем елдерінің арасында мемлекетімізді айрықша етіп тұрар нышанға айналды.
«Шын мәнінде, Елтаңбамыдың да, Туымыз бен Әнұранымыздың да игілігін айрықша сезініп келеміз. Қазір дүниежүзіне ұялмайтындай беделді, белгілі, еңбексүйгіш, бейбітшіліксүйгіш дәрежеге жеттік», – дейді Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков.
Кеңес үкіметі ыдырағанда Қазақстан әскеріндегі ұлттық кадрдың үлесі 2-ақ пайыз еді. Ал Одақтың әр түкпірінде жалпы алғанда, 2803 қазақ офицері болды. Қорғаныс комитетінің жер-жердегі қазақ әскерилерін шақыруымен басталған істің нәтижесі 1992 жылдың 10 қаңтарында Ішкі әскерді құру туралы, ал 7 мамырында Қазақстан Республикасы Қорғаныс Күштерін құру туралы жарлықтың шығуына тікелей әсер етті. Осылайша, Тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш әскери доктринасы қабылданды.
Доктринаға сәйкес, ҚР Қорғаныс күштері Құрлық әскерлері, Әуе-қорғаныс күштері және Әскери теңіз күштері деп үшке бөлінген еді.
«Қиын кезеңдегі ел әскерін құруда басшылық өте мықты болды. Қазақстанның Қарулы Күштерін құрғанда аса тәжірибелі мамандар үлкен іс атқарды. Кадр жетпесе де, әскердің ертеңіне, болашағына сену басты міндет еді. Елді қорғау – ердің міндеті екенін әр әскери маманның ойына тоқу сол кездегі менің де басты қызметім болды», – дейді генерал-майор Айтқали Есенқұлов.
1992 жылдың 7 қаңтарында Алматыда республиканың Алтын мен алмас қорын құру туралы жарлық қабылданды. Одан бөлек, егемен ел есебінде Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне өттік. 2 наурызда болған бұл тарихи жайт республикамыздың аталған ұйымның 111 бабына сәйкес келгенінен жүзеге асты. Оңай емес.
Қиырдағы қандасын қол бұлғап шақырған Қазақстан дәл осы 1992 жылы тұңғыш рет Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізген еді. Алматыда өткен жаһандық жиынға 33 елден 800-ден аса адам қатысып, жер-жердегі ағайынның елге оралуының алғашқы легі басталды.
«Біздің бойымызда өмір бойғы сағыныш, аңсау бар еді. Ол бізден гөрі, ата-бабаларымыздың сағынышы еді. Миллиондаған қазағымыз бен елімізді, жерімізді аңсадық... Олар да бізді аңсады. Мінекей, сол кезді еске алғанда, әлі күнге дейін жүрегіміз шымырлап, көңіліміз толқиды», – дейді тарихшы, шығыстанушы Ислам Жеменей.
1992 жыл осындай ірі шешімдер мен нақты қадамдарды қабылдаған жыл ретінде тарих бедеріне сіңді. Ол Егемен Қазақстанның еңсесін тіктеген, бой түзеген уақыты еді. Ел болашағының кірпіші берік қалануы үшін еңбек еткен Елбасы осы бір ғана жылдың өзінде 350 сағатын әуеде өткізген. Айтып өткеніміздей, 70 мемлекетпен дипломатиялық байланыс орнатыппыз. Осы отыз жылда Қазақстан әлем елдерімен иық тіресе тең тұруға, қанат жайып, кең құлаш серпуге әлеуетті бола білді.
Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы