Алматыда имамдар ағаш отырғызып, мешіт жанына аялдама орнатты

27.10.2021 00:57

ҚМДБ биыл республика бойынша 30 мың түп ағаш егу жұмысын қолға алған болатын

Almaty.tv

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 30 игі іс атқарылмақ. Мерейлі мерекеге орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен түрлі бағытта қоғамдық жұмыстар іске асып жатыр. Осындай іс-шараның бірі Алматыда өтті. Мешіт имамдары мен жамағат ағаш отырғызып, көпшілікке пайдалы іс жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       

Қоғамдық шара аясында қаладағы Мырзахмет мешіті жанына аялдама қойылды. Автобус бекеті Жетісу ауданы тұрғындарының өтінішіне сәйкес, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен орнатылды. Мақсат – мешітке келетін жамағатқа қолайлы жағдай жасау.

«Жамағаттың, тұрғындардың ықыласы ерекше. Алғыс айтып жатыр. Өйткені, мешіттің алдынан түсіп қалып, мешітке ыңғайлы жетуі, осы жерден автобустарды күтуі, мешіт алдынан аспалы көпірдің орнатылуы тұрғындар үшін үлкен қолдау болып отыр», – деді қаланың бас имамы Төлеби Оспан.

Сондай-ақ имамдар мешіт айналасына жағалай көшет отырғызуға көшті. Ағаш егу мен көше бойын абаттандыру жұмыстары қашанда пайдасын тигізбесе, зиян келтірмейді. Өйткені, жасыл желек – қалаға сая болатын мәуелі бақ. Мегаполистің құбылмалы ауа райы мен ызғырық желіне бөгет болатын берік қорған дейді имамдар.   

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұрпақпыз. Қалалық мешіт имамдары мен жалпы жамағат жастарға діни сауат үйретуден бөлек, осындай қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Бүгінгі отырғызылған көшеттер ертең саялы бәйтерекке айналады деген сенім бар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл республика бойынша 30 мың түп ағаш егу жұмысын қолға алған. Оның 800 данасы мегаполиске тиесілі. Жасыл желектің ішінде қарағай, жиде, алма ағаштарына дейін бар.

«Алла Тағала біздің қасиетті кітабымызда «Жақсы, сауапты істерде бір-біріңмен жарысыңдар, жақсылыққа ұмтылыңдар» деген. Сондықтан мешіт жамағаты, имамдар бірігіп, ұйымдасып жұмыс істеп жатырмыз. Алла баршамызға жәрдем берсін», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Кенжәлі қажы Қоңыратбайұлы.  

Шара соңында жиналған қауым қазақы дәстүр бойынша үлкендерден бата алды. Қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық шараларын алдағы уақытта да жалғастыратынын айтты.    

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы