Алматыда жазушы Ілияс Есенберлиннің шығармашылығына арналған көрме ашылды

«Көшпенділер» трилогиясы – Тәуелсіздік жаршысы» атты шарада қаламгердің 6 томдық толық шығармалар жинағы ұсынылды

Алматыда жазушы Ілияс Есенберлиннің шығармашылығына арналған көрме ашылды Almaty.tv

Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұлт рухын тірілтіп, халықтың рухани санасын оятқан жазушы Ілияс Есенберлиннің шығармашылығына арналған көрме ашылды. «Көшпенділер» трилогиясы – Тәуелсіздік жаршысы» атты шарада қаламгердің 6 томдық толық шығармалар жинағы ұсынылып, салтанатты түрде тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  


Қазақ әдебиеті мен тарихында есімі алтын әріппен жазылған Ілияс Есенберлиннің үш томдық «Көшпенділер» эпопеясына биыл 50 жыл толды. Соған орай ҚР Мемлекеттік орталық музейінде жазушының шығармашылығы дүйім жұртқа толық таныстырылды. Ал көрменің ашылуына ғылым мен мәдениет, өнер қайраткерлері қатысып, қаламгердің кезінде жарық көрмеген романдары да қойылды.

«Ілияс ағамыздың ел Тәуелсіздігіне қосқан үлесі мол деп айтуға болады. Өйткені, өздеріңіз байқасаңыздар, бүгінгі күні Ілияс ағамыздың шығармашылығын негізге алған жастар өсіп келе жатыр. Оның шығармалары аясында киноларда түсіріліп жатыр, спектакльдер де қойылып жатыр», – дейді ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Ғалия Теміртон.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Көшпенділер» трилогиясын «Қазақ халқының энциклопедиясы» деп атап, жазушының шығармашылығын жоғары бағалаған. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ілияс Есенберлиннің еңбектеріне терең бойламаған адам ұлт тарихын жетік білемін деп айта алмаса керек» дейді. Сондықтан жаңа жинаққа жазушының «Көшпенділер» және «Алтын Орда» тарихи эпопеялары және романдары кірді.

«Бүкіл елдің тарихшылары, соның ішінде, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ұжымы осы жеті том академиялық басылымды дайындауға кірісіп кетті. Осы бағытта Ілияс Есенберлиннің тарихи тұжырымдамаларын міндетті түрде пайдаланамыз. Ілияс Есенберлин – цензураға қарамай, сол заманның дерек базасының аздығына қарамай, қазақтың шын тарихын көркем әдебиетте жекізе білген қазақтың біртуар азаматы», – деді тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов.

Көрмеге жинақтан бөлек жазушының өмірінен сыр шертетін фотоматериалдар мен құжаттар, марапаттар мен қолжазбалар, белгілі тұлғалармен жазысқан хаттары қойылды.

Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир