«Қазақстан-2050», VI Астана экономикалық форумы: 2013 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

15.12.2021 01:09

Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады

Almaty.tv

Тәуелсіздіктің тарихындағы 2013 жыл несімен есте қалды? Бұл жыл «Қазақстанның 2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы бойынша жұмыстың қолға алынуымен ерекшеленді. Шындығында, Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясы қазіргідей шапшаң өзгеріп, тез құбылатын заманда Қазақстанның адастырмас бағыт-бағдары болды. Сондықтан бұл бағдарламаны халыққа түсіндіруде 2013 жылы түбегейлі бетбұрыс жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

24 сәуірде Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Президентінің қатысуымен «Қазақстан-2050» стратегиясы: бір халық, бір ел, бір тағдыр» тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясы өтті. Тұтастай алғанда, «Қазақстан-2050» стратегиясы экономикалық және әлеуметтік-тұрмыстық даму бағдарламасы ғана емес, сонымен бірге, ұлттың сапалық жоғары деңгейге көтерілуі мен саналық дамуының да қозғаушы күші ретінде белгіленген болатын. Ол сонысымен де құнды еді. Сондықтан да осы жылы атқарылған шаралардың қай-қайсынан да «Қазақстан-2050» стратегиясының рухы аңғарылып тұрады.

2013 жыл 25 сәуірде XI Еуразиялық медиафорум өтті.

«Біз 30 жылдықтың арқасында мемлекетімізде ұлттық сала болсын, басқа жағдайда болсын, тұрақтылық сақталды. Мемлекетіміздің іргетасы қаланып, өркениетті ел болып аталдық. Оның бәрінде Елбасының, Президентіміздің үлкен орны бар, оны ашық айту керек», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Ахан Бижанов.

2013 жылы 23 мамыр Н. Назарбаевтың қатысуымен VI Астана экономикалық форумының аясында бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция өтті.Тәуелсіздік сарайында өткен шараға әлемнің 132 мемлекетінен келген 11 мыңға жуық саясаткер, сарапшы және іс басындағы мамандар әлемдік экономиканың жаһандық дағдарыстан шығу жолдарының түйткілді проблемаларын тілге тиек етті.

«Биыл мінеки, егеменді ел болғанымыздың 30 жылдық мерейтойын тойлап жатырмыз. 30 жыл деген аз уақыт емес. Ал осы уақыт ішінде мемлекетіміз жүргізген саясаттың арқасында еш жанжалсыз осы деңгейге жеткеніміз үлкен жетістігі деп айтуға болады», – деді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев.

2013 жыл аяғын нық басқан Тәуелсіз мемлекетіміз үшін айтулы жылдардың бірі болды. Дәл сол жылы 2 желтосқанда елімізде Елбасы жолы киноэпопеясының жалпыұлттық таныстырылымы болып өтті. 2011 жылы шыққан «Балалық шағымның аспаны» фильмінің жалғасы. Көпшіліктің назарына ұсынылған Елбасы жолы туындысы Отты өзен және Теміртау атты 2 бөлімнен тұрады. Фильмде Елбасының жастық шағы мен еңбек жолы қамтылған. Киноэпопеяның сценарийін танымал қазақ драматургі Шахимерден Құсайынов пен режиссер Рүстем Әбдірашов Елбасының кітаптарының сарыны бойынша жазған. 

Қасымхан Талғатұлы, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы