Тәуелсіздіктің тартуы болған «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша осы уақытқа дейін 11 399 қазақстандық білім алған. Қазақ жастарына қанат бітірген бұл бағдарлама еліміздің Тұңғыш Президентінің тікелей қолдауымен құрылған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ғани Төлепбергенов – жүрек аураларын емдейтін дәрігер. Бала кезінен ақ халат киіп, ел саулығы үшін қызмет етуді армандадым дейді. 2015 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Литва еліне барып, білімін жетілдірген. 2019 жылы Алматы қаласының үздік дәрігері атануы мен жазылған науқастардың алғысын мұхит асып жинаған тәжірибесімен астастырады.
«Бұл Тәуелсіздігіміздің арқасында жүзеге асқан, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған, әлемде теңдесі жоқ бағдарлама деп айтсақ болады. Сол себептен бұл бағдарламамен мақтануға болады. Білімді жастарға бұл үлкен мүмкіндік деп ойлаймын», – деді қалалық кардиология орталығының рентгенхирург-аритмолог дәрігері Ғани Төлепбергенов.
Ал бүгінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін басқарып отырған Гүлмира Қанай 2010 жылы Ұлыбританиядағы Warwick университетінде магистратураға түскен. Жоғары көрсеткіштерінің арқасында докторантураны Кембридж университетінде қорғаған екен. Қазіргі таңда жастармен білімімен бөлісіп, жол сілтеп жүр. Ал биыл тұңғыш рет Президенттің қолдауымен ғылыми тағылымдамадан өтуге 500 грант бөлінді. «Ендігі мақсат – жас мамандарды халықаралық деңгейде оқытуға баулу» деді ол.
«Аталмыш бағдарламаның маған бергені – күнделікті өмірде көп нәрсеге басқаша қарауға, басқаша шешім қабылдауға, әрекет етуге, жалпы адамдармен қарым-қатынасты өзгертуге сонымен қатар тұлға ретінде өзіме деген сенімділіктің артуына және алған білімдерімді жергілікті тәжерибемен ұштастыруға мүмкіндік берді деп ойлаймын», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогика университетінің ректоры Гүлмира Қанай.
Ел экономикасы енді ғана қалыптасып келе жатқанда, жарқын болашақ үшін жасалған қадам – 1993 жылдың 5 қарашасында шыққан тұңғыш Президенттің қаулысы еді. Бұл – азаматтардың білімі терең, зияткерлік деңгейі жоғары болса, ел дамуының негізгі көзі болатынына артылған сенім. Сенімге селкеу түскен жоқ. 28 жылда бұл бағдарламамен 11 мың 399 қазақстандық әлемнің 36 еліндегі үздік 300 оқу орнында білім алған.
Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы