«Тәуелсіздік – тұғырым». Алматыда осындай атаумен Фатима Нөкеннің жеке көрмесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
3 жасынан бастап қолына қылқалам ұстаған жас суретші бүгінде 12-сыныпта оқиды. Болашағынан үлкен үміт күттіретін қылқалам шебері балалық шағында пейзаж бен натюрморт жанрларында сурет салғанды ұнататын болса, қазір қызығушылығы портрет салуға ауғандығын айтады. Шараға белгілі суретшілер қатысып, жас өнерпаздың туындыларына жоғары баға берді.
«Көрмені ұйымдастырудағы мақсат – ең бірінші Алматы қаласында осындай өнерге бағытталған ерекше мектеп бар екенін көрерменге көрсету. Алматылықтарға, өнерге қызығушы жас суретшілерге осы мектепті таныстыру», – дейді жас суретші Фатима Нөкен.
Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде де Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 суретшінің қатысуымен көрме өтті. Олар қазақ тарихынан сыр шертетін күнделікті тұрмыс-тіршілік пен бүгінгі қоғамды қылқалам арқылы шебер суреттеген. Мамандардың айтуынша өнер саласындағы жетістіктер ел егемендігімен астасып жатыр.
«Еліміз үшін Тәуелсіздік мерекесінен артық ешбір мереке жоқ. Бұл мереке – халықтікі», – дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, суретші Байтұрсын Өмірбеков.