Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақ Елінің жаңа дәуірі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиынға қатысушылар Қазақстанның әлемдік қауымдастықта алатын орны мен маңызы және сыртқы саяси қатынастарының қалыптасу үдерісі туралы тағылымды ойларын ортаға салды.
Конференцияда ұлт тарихындағы маңызды оқиғаларға шолу жасалып, Тәуелсіздігіміздің бастауында тұрған тұғырлы тұлғалар туралы да кеңінен сөз болды.Тарихи датаның мәні мен маңызын халыққа түсіндіру өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда «Қазақ Елінің жаңа дәуірі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның берері мол.
«30 жылда Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан дамыған елдермен терезесі тең, достық пен келісім салатанат құрған киелі мекенге айналды. Сол тұста қалыптасқан стратегиялық бағытын, түпкі мақсатын айқын әрі дұрыс болғанын қазіргі уақыттың өзі дәлелдеп беріп тұр», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Айта кетейік, айтулы шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Алматы қаласы әкімдігінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, тарихшы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
«Тәуелсіздік алғаннан бері білім саласында қыруар өзгерістер болды деп айтуға болады. Өзім де осы Алматы қаласында өскен ұрпақтың өкілімін. Мен Алматыда оқып жүрген кезде мұнда бір ғана қазақ мектебі болатын. Алматы қаласы өте жылдам, мығым өсіп келе жатқан. Мысал үшін, соңғы 10 жылдың ішінде екі аудан қосылып жатыр. Оның ішінде жүздеген мың адам тұрып жатыр. Оларды мектеп мәселесімен қамтамасыз ету үлкен мәселесі туындап отыр», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
Конференцияда сондай-ақ Қазақ елінің жаңа дәуірдегі тарихын зерделеген материалдарды алдағы уақытта арнайы жинаққа топтастыру мәселесі де сөз болды. Ол жас тарихшылар мен ізденіс жолында жүрген жас ғалымдарға, білім алушыларға ұсынылатын болады.
Қасымхан Талғатұлы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы