Қайрат Байымбетов: Азаттықтың қадірін түсініп, ел дамуына үлес қосу – әр азаматтың борышы

Almaty.tv
Almaty.tv
«Алматы» телеарнасы ел егемендігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік мен үшін» челленджін бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы» телеарнасы егемендіктің 30 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздік мен үшін» атты челленджін жариялағалы, отандастарымыз өз ойын көгілдір экран арқылы дүйім жұртқа жеткізуге мүмкіндік алды. «Күрмеуі мол күреспен келген азаттықтың қадірін түсініп, елдің дамуына септігін тигізу – әр азаматтың Отан мен ұрпақ алдындағы борышы» деген запастағы полковник Қайрат Байымбетов те өз естелігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

1989 жылы Новосібір әскери институтын аяқтаған запастағы полковник Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Республикалық ұланда қызмет етіп, бүгінде егеменді елдің жастарын әскери тәртіп пен отансүйгіштікке тәрбиелеп келеді. Бір қызығы, Қайрат Байымбетов 16 желтоқсанда дүниеге келген. «Бұл да бекер болмаса керек» дейді азамат.

«Қазақстанның Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Патриотизм өзіміздің жүрегімізде болуы керек» айтып кетті кезінде. Осы келе жатқан мерейтойымыз – Қазақстан Тәуелсіздігі құтты болсын! Елім менің аңсаған, тас бұғаудан босаған, мерекеміз құтты болсын!», – дейді Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Әскери институт басшысының орынбасары Қайрат Байымбетов.

Ал бүгінде әскери терминдердің ана тіліне аударылып, Тәуелсіздігіміздің түғырлы болуына өзіндік үлесін қосып жүрген Сәуле Мұханова толғауы тоқсан тарихымызға тоқталып, қазіргі сарбаздың бойында болуға міндетті қасиет – патриотизм екенін жеткізді. Сондай-ақ әріптестерінің қажырлы еңбегі жас буынға үлгі болса дейді.

«Полковник мырзалар өзінің әскери тәжірибесін, білген-түйгенін болашақ запастағы офицерлерге, сержанттарға үйретеді. Біз қазір оқу бағдарламасы бойынша запастағы офицерлер мен запастағы сержанттарды дайындаймыз», – деді Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Әскери істер институты мемлекеттік тілді дамыту және аударма бөлімінің жетекшісі Сәуле Мұханова.

Мойынға артылған міндетті абыроймен атқару – әскери салада 25 жыл қызмет еткен Қайрат Байымбетовтің өмірлік ұстанымы.

Айта кетсек, Тәуелсіздікке қатысты естелігін айтқысы келетін жандар арнамызға хабарласып, кезекті бейнематериалдың кейіпкері бола алады. Ол үшін «Тәуелсіздік мен үшін» және «Тәуелсіздік бесігі» тақырыбында видео түсіріп, экранда көрсетілген нөмірге жолдаңыздар.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров