Биыл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Сондай-ақ егемендік жолындағы ерен жағдай – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толып отыр. Айтулы дата қарсаңында қалалық қоғамдық кеңес өкілдері желтоқсаншылармен кездесіп, тарихи кезеңнің маңызына тағы бір тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақ жастарының бойындағы ұлттық рухты сөз еткен жиынға келушілер біршама ұсыныс айтып, өзара тілек-алғыстарын жеткізді.
«Біріншіден, халқымызға, Желтоқсан көтерілісін қолдаушы, қорғаушы тарихшыларымызға, депутаттарға және жергілікті жоғары билік өкілдеріне шынайы алғысымызды білдіргіміз келеді», – деді республикалық «Желтоқсан-86» қозғалысының төрайымы Гүлбахрам Жүніс.
Қоғамдық кеңес өкілдерінің бастамасымен ұлт тарихындағы айрықша кезеңдерді тізбектеген «Қазақ көтерілістері энциклопедиясының» жарық көргенін де айта кету керек. Сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен Түрксіб ауданында Желтоқсаншылар саябағы да ашылған еді.
Ал бүгінгі жиындағы желтоқсаншыларға ұйымдастырушылар тарапынан «Азаттықты ту етіп, намыс отын жаққан қаһармандығы үшін» арнайы алғыс хат табысталды.
«Үкімет, әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Көп мәселе шешімін тапты. Дегенмен, әлі де шешілмеген сұрақтарға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу керек, жүргізіліп те жатыр. Өткенде «Қазақ көтерілістері» энциклопедия шығардық. Оған да біраз мәлімет кірді», – деді қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов.