«Егемендік ең алдымен, еркіндігімен қымбат». Осылай деген алматылық жас ақын егемендіктің 30 жылдығы қарсаңында арнамыз жариялаған «Тәуелсіздік мен үшін» челленжіне қатысты. Ол қаламыздың бүгінгі дамуына тоқталып, Тәуелсіздіктің алтын бесігі болған Алматыны «Білім мен ілімнің шаһары» деп атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұрбек Нұржанұлы өзінің алғашқы шығармаларын университетке қадам басқан сәтте жариялай бастаған. Жас ақын Алматыда жоғары оқуды аяқтағаннан кейін, шетелде білімін жалғастырды. Оқу мен шығармашылығын қатар алып жүрген азамат: «Бар еңбегім Тәуелсіздіктің арқасында жемісті болды» дейді.
«Ең бірінші, бәрі Тәуелсіздігіміздің арқасы деп ойлаймын. Егер Тәуелсіздігіміз болмаса, ойдағыдай дүниелердің жазылуы, ой еркіндігі, сөз еркіндігі деген ұғымдар болмас еді. Тәуелсіздіктің арқасында, ойымызды, сөзімізді еркін жеткізе аламыз», – дейді жас ақын Нұрбек Нұржанұлы.
Ал мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов көпті көрген тұлға ретінде егемендікке дейінгі естеліктерін айтып, үлкен еңбекпен және күреспен келген Тәуелсіздікті қадірлей білуге шақырды. Сондай-ақ 30 жылдың ішіндегі қазақ әдебиетінің дамуына тоқталып, қаламгерлікті жанына жалау еткен жастарға өз бағасын берді.
«Жастарға қарап отырсаңыз, олар Махамбеттей мықты ақындардың сөзін айтып жүр. Бұл – уақыт талабы, сондықтан олардың арасынан мықтылар шығып жатыр. Міне, осылай әдебиет те жасай бермек», – деді ҚР мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.
Тәуелсіздікке қатысты естелік айтқысы келетін жандар телеарнамызға хабарласып, кезекті бейнематериалдың кейіпкері бола алатынын айта кетейік. Ол үшін «Тәуелсіздік мен үшін» және «Тәуелсіздік бесігі» тақырыбында видео түсіріп, +7 775 732 88 62 нөміріне жолдай аласыз.
Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы