Алматыда жасөспірімдер арасында қысқы ойындар маусымы ашылды

02.12.2021 01:53

Ашық біріншілікке қаламыздың бірнеше мектебінен 250-ге жуық жас спортшы қатысып, шаңғы жарысынан бақ сынады

Almaty.tv

Алматыда жасөспірімдер арасында қысқы ойындар маусымы ашылды. Ашық біріншілікке қаламыздың бірнеше мектебінен 250-ге жуық жас спортшы қатысып, шаңғы жарысынан бақ сынады. Олардың арасында облыстық, республикалық чемпионаттарда көзге түсіп жүрген оқушылар да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Шаңғы спорты осындай ашық аспан астында әрі таза ауада өткендіктен, денсаулыққа өте пайдалы екені сөзсіз. Яғни, адам қозғалыс кезінде барлық дене мүшесі жұмыс істеп, қан айналымы жақсарады. Соның нәтижесінде өкпенің сыйымдылығы артып, спортшы шымыр бола түседі.

Бүгін «Сұңқар» трамплин кешенінде 6 мен 18 жас аралығындағы балалар шаңғы жарысынан сынға түсті. Олар бекітілген ереже бойынша 2 айналымды жүріп өту керек. Соның нәтижесінде 5-сынып оқушысы Ербұлан Әбдіғапар мәре сызығын бірінші болып кесіп, топ жарды. Ол бұл жеңісін өзінің бапкері мен інісіне арнады. 

«Жарыс өте қиын болды. 1-айналым жақсы болғанымен, 2-айналымда шаршап қалдым. Соған қарамастан, 1-орын алдым. Өскенде қазағымның көк туын көкке көтергім келеді», – дейді жарыс жеңімпазы Ербұлан Әбдіғапар. 

Мамандар қатысушылардың арасында ұстанымы айқын, болашағы жарқын жас спортшылардың бар екенін айтады. Бәрінің де арманы бір – олимпиада шыңын бағындырып, әлем чемпионаттарында топ жару.

«Біз бұл шараны Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне ұйымдастырдық. Осындай спорттық сайыстар арқылы балалардың патриоттық сезімдерін оятып, салауатты өмір салтын ұстануға насихаттағымыз келеді», – деді ұйымдастырушы Арсен Төлтай.

Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары облыстық және республикалық додаларға жолдама алады. Одан бөлек, ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай біріншіліктер өткізуді жоспарлап отыр.

Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбав, «Алматы» телеарнасы