«Алматы» телеарнасының тілшісі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсының жүлдегері атанды

 «Алматы» телеарнасының тілшісі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсының жүлдегері атанды
Конкурсқа төрт номинация бойынша 131 журналистен 300-ге жуық материал келіп түсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында «Тәуелсіз елдің тілі» тақырыбында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсының жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.         

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, нағыз тіл жанашырын анықтайтын конкурс биыл 16-рет ұйымдастырылды. Конкурсқа төрт номинация бойынша 131 журналистен 300-ге жуық материал келіп түсті. Марапатқа 17 БАҚ өкілі ие болды. Мерзімді басылымдардан «Үздік мақала», «Үздік сайт мақаласы», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша марапаттар берілді. Бас жүлде «Түркістан» газетінің тілшісі Әлия Тілеужанқызына бұйырды. Бас жүлде иегеріне 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды.  

«Әділқазыларымыз журналистердің еңбектерімен танысып, бағалап, бүгін әділ бағасын беріп отыр. Журналистер биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында еліміздің егемендігі мен тіл төңірегіндегі мәселелерді көтерді. Ең мықты деп танылған материалдарға сыйлық берді», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаев.

Ең мықты деп танылған материалдар арасында Almaty.tv телеарнасының журналисі Мадина Оқас та бар. Арнамыздың бетке ұстар тілшісі аталған конкурста 3-орынды иеленді. Ол бір жыл бойы «Тіл қорғаны» бағдарламасында көшеде, дүкенде, сауда орталықтарында және т.б. орындарда қате жазылған сөздердің мәселесін көтеріп келді.  

«Бұл – әріптестердің, жалпы «Тіл қорғаны» бағдарламасына атсалысқан әрбір маманның ортақ еңбегі. Сондықтан сол кісілердің бәріне алғыс айтқым келеді. Әрине, бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Бірақ байқау аяқталғанымен, тіл мәселесіне қатысты жұмыстар аяқталмайды», – дейді «Алматы» телеарнасы Мадина Оқас.

Новости партнеров