Алматыда қазақстандық кітапханашылар форумы өтті

26.11.2021 01:55

Республиканың жетекші мамандарымен және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен іс-шараның мақсаты – кітапханаларды жаңғырту

Almaty.tv

Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай іс-шаралар легі жалғасуда. Соның бірі – «Alatau Creаtiv Hubta» өткен «Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты форум, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Республиканың жетекші мамандарымен және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен іс-шараның мақсаты – тәуелсіздік жылдарындағы үлкен жетістіктердің бірі болған қала кітапханаларын жаңғырту. Қазақстандық кітапханашылар форумында Алматы кітапханаларының қайта жаңғыртудан өткеннен кейінгі жұмыстарымен танысып, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Сондай-ақ даму перспективалары, қызмет көрсетудің жаңа түрлері мен пайдаланушылардың санын арттыруға бағытталған жұмыстары талқыланды.  

«Алматыдағы өмір кілең мәдени шараларға толы болды. Ең бастысы, кітапханалардан үлкен өзгеріс, ерекше жаңалық көріп жатырмыз. Бұл –  егеменді еліміздің жетістігі. Біз егеменді еліміздің бүгінгі руханиятының өсіп-өркендеп жатқан кезеңіне куә болдық», – деді Ұлттық академиялық кітапхананың директоры, профессор, педогогика ғылымдарының докторы Үмітхан Мұңалбаева.

Айта кетейік, республиканың түкпір-түкпірінен келген кітапханашыларға жаңа үлгідегі экскурсиялар ұйымдастырылады. Тәуелсіздік тұсында қала жағдайында «Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» 16 кітапханасы жаңғыртылды.  

«Алматы қаласы осы 30 жылда қандай жетістікке жетті деген тұрғыдан қарағанда, сол жетістіктерді қала қонақтарына, жалпы қазақстандықтарға көрсетуіміз керек. Еліміз көркейе берсін. Тәуелсіздіктің арқасында көк туымыз желбірей берсін», – деді «Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» директоры Роза Қабиева.

«Алматыдағы кітапханалар жүйесінің жүйелі түрде жаңаша үлгідегі жұмыс істеп жатқанының нәтижесін көріп жатырмыз. Алматы шаһары республика бойынша алдыңғы қатарда тұрған руханият орталығы екені белгілі», – деді ақын, ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан.