Тәуелсіздікті бағалау һәм қорғау – баршаға ортақ міндет. Бұл елімізге есімдері белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, танымал тұлғалардың пікірі. 30 жыл ішінде қазақ халқы қиын күндерді бастан өткерді. Бірлігінің арқасында ауыртпашылықтарды еңсерді. Соның нәтижесінде экономикалық, әлеуметтік жағдайы күшейіп, халықаралық беделі арта түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақ елі жасампаздықтың жолына, дамудың даңғылына түспес бұрын, тәуелсіздік жылдарында небір экономикалық, саяси қиындықтардан өтті. Ал оның ар жағында егемен ел болу үшін ата-бабамыз дұшпанмен арпалысып, басты құндылықтарын, байлығын ұрпаққа аманат етіп сақтап қалды. Бүгінде мәңгілік ел болу мақсатымен биікке өрлеп келеміз. Әлбетте, мұндай жетістікке көреген Елбасының салиқалы саясатының арқасында қол жеткізгеніміз ақиқат дейді мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
«Алла өзімізге бақ берді. Соның жолынан, бәрінен әйтеуір, адастырмай халықты осы жаққа, осы күнге алып келген әуелі Құдай деп айтайық. Бір Алла, одан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы десем артық айтпаймын. Нұрсұлтан Назарбаев қазақты арманына жеткізді. Тәуелсіздік орнатты. Тәуелсіздіктің экономикасын қалыптастырды. Тәуелсіздікті әлемге танытты. Танытып қана қойған жоқ, әлемге мойындатты», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
Ендігі мақсат – әр қазақстандық үшін берген бақты бағалап, егемендікті еңселі ету. Ол үшін бірлік бекем болу керек. Бұл жағынан да Тәңір қазаққа қарайласқан. Айрандай ұйып отырған елміз. Елдігіміз де, теңдігіміз де сақталған.
«Ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздік бізге жеңіс, жетістік, еркіндік әкелді. Қазақстан 240 мемлекеттің ішінде өз орнын ойып тұрып алды. Осы жолда барлығымыз бірігіп еңбек етуіміз керек. Біз қазір ұлы бірлікке бет түзеген ұлтпыз. Сол бірлікте бірге болуымыз керек», – деді жазушы Сәдібек Түгел.
«Біздің барымыз да, нарымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік. Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, оны сақтап қалу одан да қиын. Сондықтан бәріміз Тәуелсіздік үшін күресе білуіміз керек. Көк туымызды мәңгі желбірету – Қазақстанның әр азаматының негізгі мақсаты, міндеті болуы керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін алдымен қабылдаған Ата Заңның арқасында іргелі ел, айбынды мемлекет болды. Алдымен адам құқығын жоғары қоятын Конституция халқымыздың келешекке деген сенімін оятып, үлкен серпіліс тудырды.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығында еш қақтығыссыз, елді бір шайқамай алып келдік. Ал осының бәрінің негізгі тірегі – Конституциямыз. Конституцияда адамның құқықтары мен міндеттері түгел жазылған. Осы жылдары Конституциямыз жасампаздығы мен өміршеңдігін көрсетті», – деді саясаттану ғылымдарының докторы Зулфухар Ғайыпов.
Ата Заңнан бөлек, қазақ елі өшкенін жандырып, жоғалғанын түгендеп алды. Тілін, ділін, дінін оралтып, рухымыз асқақтады. Ең басты жетістігіміз – ата-бабаларымыз аңсап, қасық қаны қалғанша найзаның ұшы, білектің күшімен қорғап қалған жерімізге өзіміз қожамыз. «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ?!» деп Қасым ақын жырлаған бақытты күндер шынымен де, бүгін туғандай...
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан