Ертегідей елорданың сәні – еркелей аққан Есіл өзені. Бүгінде қала тұрғындары мен туристердің ең сүйікті демалыс орнына айналған өзеннің жағалауы жылдан-жылға көркейе түсуде. Жазда жағасы жанға сая болса, қыста коньки, шаңғы, сырғанақ тебетін жер. Есілді абаттандыруда қандай жұмыстар атқарылды? Бүгінгі Есілдің ерекшелігі неде? Almaty.tv тілшісі толықтырсын.
Елорданы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының Есілдің жағасына көшіруде өзіндік мәні бар еді. Біріншіден, әлемде көптеген астаналар өзен бойында орналасқан. Екіншіден, еркелей ескен өзен қаланың көркіне көрік қосатыны анық. Бұл істе сәулетші Серік Рүстембековтің еңбегі ерен. Ол Есіл өзенінің жағалауын абаттандыру 1997 жылы бастау алғанын айтады. Сөзінше, игілігін ел көріп отырған Есілдің бойына зәулім ғимараттар салмас бұрын алдымен табиғи апаттарды болдырмаудың алдын алатын шаралар жүргізілген.
«Қаланы апаттан қорғау үшін осы өзенді инженерлік-гидротехникалық шешімдермен өзенді түзетіп, кеңітіп, тереңдетіп, жағалауларын безендіріп, осы қаланың ішінен өткіздік. Көпшілік білмейді, осы қаланың ішіндегі Есіл өзенінің ұзындығы 37 км, мен соның әр метрін жобалап шықтым. Соның 80 пайызының құрылысы аяқталып іске қосылды. 2005 жылы Есілдің үстімен кеме жүргізу бағдарламасын Елбасыға баяндап, ол бекітілгеннен кейін 2007 жылдың бірінші кезеңінде кеме жүргізу бағдарламасы іске қосылып, бірінші кемелер пайда болды», – деді ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстембеков.
Бүгінде Есіл өзенінде 17 кеме халыққа қызмет көрсетеді. Тұрғындар мен туристер қаланы оң және сол жағалауға бөліп тұрған өзен арқылы көрікті жерлерді тамашалай алады. Бүгінде су жағалауындағы инженерлік және экологиялық проблемалар толық шешілген.
БЛИЦ:
- Бұл жер ұнайды, міне, балалармен келдік. Басқа қалаларда болып жүрмін ғой, бірақ дәл осы жер секілдіні байқамадым. Мәскеудегі арбат секілді болады деп жатыр ғой, жақсы болар еді. Қала сұлу болып кетті.
- Қарағандыдан қыздарым келді. Осы жерде қыдырып жүрміз. Керемет, Есілдің жағасы. Жалпы Нұр-Сұлтан керемет болып гүлденіп жатыр. Бізге ұнайды.
- Иә, ұнайды. Балармен жиі келеміз. Күйеуім де жиі келеді. Барлығы жақсы жасалған.
Есіл өзенінің жағасынна көрікті, келбетті, сұлу қала тұрғызылады дегенге сенген адамдар аз болды. Бірақ тарих басқаша сөйледі. Өздеріңіз көріп тұрғандай, Есіл өзенінің бойынан әлемнің ең сүйікті, әдемі қалаларының бірі Нұр-Сұлтан қаласы бой көтерді. Ал, Есіл өзені қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орынына айналды.
Жанат Көшкінбай