ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен елорданың туған күніне орай Алматыда бірнеше сауда орны ашылды. Ашылу салтанатына Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева, Алматы қаласы Кәсіпкерлік басқармасының орынбасары Қанат Сағындықов, базар директорлары мен кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Біздің түсірілім тобы алдымен Алмалы ауданында жаңартылған «Кәрім» базарына ат басын тіреді. Онда 76 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, оның жалпы ауданы 20 000 шаршы метрді құрайды. Базарда әртүрлі сегменттегі тауар орналасқан.
«Бүгінде Астана күніне орай, біз толығымен ресми түрде ашылдық. Қазір бізде 9 павильоннан тек 6 павильон дайын тұр. Толығымен өз қаражатымызға жасалған. Мынау әлі толықтай біткен түрі емес. Әлі тағы да жаңартып жасаймыз», – деді «Кәрім» базарының басшысы Рауана Кәрім.
Одан кейін Жетісу ауданындағы «Рахат» базарының ашылу салтанатына куә болдық. Жалпы ауданы 20 000 шаршы метрді құрайтын базарда 600 сауда орны бар. Мұнда киімнен бастап, балық аулауға қажетті тауарлардың барлығы сатылады. Жалға алушылардың айтуынша, жағдай өте жақсы жасалған. Әсіресе, қыстың суығында жылы жерде сатқан бізге де, сатып алушыға да ыңғайлы, сондай-ақ тауарларымызға еш қауіпсіздік тумайтынына сенімдіміз дейді, олар.
«Қазір біз жаңғыртудан өткен «Рахат» базарындамыз. Елорда күнінің қарсаңында ашылған бұл мекеменің құрылысы 2018 жылы басталған еді. Бүгін келушілерге есігін айқара ашты. Мемлекеттің «Жол картасы-2020» бағдарламасының аясында кәсіпкерге қолдау көрсетілген. Нәтижесінде 700 жұмыс орны ашылды», – деді Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева.
Алтыннан жасалған бұйымдар, киімдер мен түрлі тауарды Жетісу ауданындағы жаңа «Алатау-1» базарының 4 блогынан табуға болады. Жалпы ауданы 10 000 ш.м., сауда орындарының саны 400.
Ал, «Керемет» базары алдағы күндері 400 адамды жұмыспен қамтымақ. Жалпы базар иелері келушілер мен сатушыларға жақсы жағдай жасай отыра жұмыстарын жандандырмақ.
«1995 жылдан бері мен осы жерде сатушы болдым. Сол себепті оларға не керек екенін, қандай жағдай ыңғайлы екенін жақсы білемін. Сол жылдар бойы алған тәжірибемді еске отырып, барынша оңтайлы етіп жасадық. Әрине, ең бірінші ол қауіпсіздік. Айта кететін бір жайт. Мемлекеттің қолдауы арқасында 1,4 млрд жеңілдетілген несие алып, құрылысымызды толығымен аяқтадық», – деді Рахат базарының басшысы Билалдин Ушуров.
Айта кетейік, сауда орындарын жаңғырту жұмыстары 2023 жылдың 1 Қаңтарына дейін жалғаса береді.
«Жалпы 16 базардың жаңарту жұмыстары басталды, қазір 10 базарда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, 6 базардың жобасы дайындалуда. Инвестициялардың жалпы сомасы 17 млрд. теңгеден асады, ол 1,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда қаланың жұмыс істеп тұрған 52 базарының 23-інде жаңарту жұмыстары жүргізілді», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қанат Сағындықов.
Сондай-ақ, Елорда күніне орай Алматы қаласының Наурызбай және Алмалы аудандарында «Магнум» гипермаркеті, Бостандық ауданында «ТойМарт» супермаркеті, Түрксіб ауданында «Сулпак» дүкені және Бостандық ауданында орналасқан «Космос» ірі сауда және ойын-сауық кешені ашылмақ.
Қайрат Советбекұлы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» арнасы