Алматыда джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында халықаралық Kids Cup ашық турнирі өтті. Чемпионатқа көршілес Қырғызстан мен еліміздің бірнеше өңірінен 300-ден астам бала қатысып, өзара бақ сынасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен жарыстың ашылу салтанатына қала әкімдігі мен спорт басқармасынан өкілдер қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Алматы әкімдігінің қолдауымен өткен жарыстың ашылу рәсімінде қала басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров сөз сөйлеп, джиу-джитсудан халықаралық жарыстарда көзге түсіп жүрген жас спортшыларға тоқталды. Ол жақында ғана Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатының жүлдегерлерін қолдау мақсатында Бақытжан Сағынтаевтың атынан алғыс хаттар табыстады.
Бүгінде Алматыда джиу-джитсумен айналысатын жас спортшылардың саны едәуір артқан. Бұл салада «Сағадат Батыр» клубының еңбегі зор. Аталмыш орталықтан осы уақытқа дейін ересектер мен балалар және жасөспірімдер арасында Самат Айтпамбет, Жібек Құлымбетова, Абылай Хан сынды бірнеше әлем чемпионы шыққан.
«Мен Дубайдағы әлем чемпионатына бардым. Сол жақта бірінші орын алдым», - дейді балалар арасында әлем чемпионы Абылай Хан.
Kids Cup турнирі – арманы асқақ, мақсаты айқын жасөспірімдер үшін үлкен мүмкіндік. Ұйымдастырушылар бул турнирді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Әрі халықаралық доданың ерекшелігі – балалар үйінің тәрбиеленушілеріне де қатысуға болады.
«Сағадат Батыр» клубының негізгі мақсаты – балалар спортын дамыту. Бізде ересектерден де чемпиондар көп. Бірақ осы клубта балалар арасында Қазақстан және әлем бойынша чемпиондар көп. Яғни, біз барынша балалар спортын ары қарай дамытып, сол мақсатта осындай жарыстар ұйымдастыра берсек дейміз», - деді ұйымдастырушы Нұрсұлтан Орынбасаров.
Бапкерлердің ендігі мақсаты – 27-29 желтоқсан аралығында Мәскеуде өтетін әлем чемпионатына спортшыларды қатыстырып, биік тұғырдан көріну.