1991 жыл, 10 желтоқсан. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға қолын қойып, Қазақстан халқына қалтқысыз қызмет етуге ант берді. Артынша Қазақ кеңестік социалистік республикасы деген атауды заңды түрде жойған тарихи құжатқа қол қойылды. Ата-бабамыз армандаған азаттықтың арайлы таңы атты. Дәл сол жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы жарлығы шықты. 40 жалдан астам уақытқа созылған зұлмат тоқтатылған еді. Қазақстан республикасының егемендігі туралы декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Қазақ елінің бұл бастамасын бүкіл әлем қолдады. Полигонның жабылуына танымал қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған Невада Семей антиядролық қозғалысы үлкен үлес қосты. 91-дің соңында Ресей Федерациясы Қазақстан республикасының мемлекеттік егемендігін мойындады. Осылайша қазақ елі тәу етер тәуелсіздігіне қол жеткізді. Халқымыз ұлт ретінде сақталып қана қоймай діні мен ділін, салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетін жаңғыртты. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихы басталды.