Алматының вайбы күзге арналған: тұрғындар қала туралы не дейді
Наурызбай ауданында тұрғындар серуендеп, демалып, бос уақытын өткізе алатын жаңа қоғамдық кеңістік бой көтерді.
Алматы алтын түске боялды. Қаланың көз тартар күзгі келбетіне сүйсіну үшін мегаполистің әсем бақтарында демалып жүрген адам саны көбейді. Тіпті үлкен саябақтардың алды ұзын-сонар кезекке ұласты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қай мезгілде болсын, Алматының ғажап кейпін көру тұрғындар үшін әбден үйреншікті көрініске айналған. Десе де, олар қоңыр күзді Алматының қарасаң көз тоймайтын ең әдемі шағы деп есептейді. Бұл мезгілде әсіресе Бас ботаникалық баққа келушілер көбейеді. Мұндағы қызғылт сары түсті үйеңкілер мен ауа райының суытқанына қарамастан құлпырып тұратын гүлдер көптің жанарын жаулаған. Бұл жерге бірі таза ауамен тыныстауға, екіншісі күзгі түсірілім жасауға, енді бірі отбасымен серуендеуге келеді.
"Мен жыл сайын күз мезгілінде қаламыздың сұлулығына сүйсініп, ерекше қуанамын. Алматы күзде қызғылт сары түске боялып, құлпырып кетеді. Бүгін біз жылы күндердің соңғы сәттерін пайдаланып, табиғаттың әсемдігін тамашалау үшін Ботаникалық баққа келдік. Алматының алтын күзінің ғажайып көрінісіне тағы бір мәрте көз сүйсіндіргіміз келді", - деді қала тұрғыны Ольга Молчанова.
"Алматы табиғатымен қатты ұнайды. Әсіресе күз мезгілінде саябақтар өте эстетикаға толы болады. Алматының вайбы күзге арналған сияқты", - деді қала тұрғыны Толғанай Әбдіжаппар.
"Қайыңдар сап-сары болып, ағаштардың алуан түрлі түске боялғанын қараңызшы! Алматыда демалуға арналған қаншама гүлзар мен бульвар салынды. Раушан гүлдері жайқалып өсіп, әрбір көгалға ерекше күтім жасалады. Бұталардың өзін уақытылы қырқып, ағаштарды да күтіп-баптап отыр. Барлығы таза, ұқыпты. Қаламыз күннен-күнге көркейіп, демалуға қолайлы, ғажап мекенге айналып келеді. Күзгі Алматының көрінісін суретке түсіріп, шетелдік достарыма мақтанып жіберіп тұрамын", - деді қала тұрғыны Анна Синайко.
Күзгі Алматының керемет көрінісін тамсана тамашалайтын тағы бір алаң пайда болды. Наурызбай ауданында тұрғындар серуендеп, демалып, бос уақытын өткізе алатын жаңа қоғамдық кеңістік бой көтерді. Аумаққа 200-ге жуық ағаш отырғызылып, түрлі сәндік гүлдер егілген. Енді бұл жер де алматылықтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналмақ.
"Ауданда бұған дейін кішігірім гүлзарлар болған. Ал бұл саябақтың ерекшелігі – аумағы бір гектарды құрайды. Ауданымыздағы ең үлкен саябақтардың бірі. 85 мың қылқанжапырақты ағаш және 1,5 мың раушан гүлі отырғызылды. Сонымен қатар субұрқақтар бар. Барлығы балаларымен серуендеуге келген аудан тұрғындарының көңілін көтеру үшін жасалды", - деді Наурызбай ауданы әкімдігінің ресми өкілі Даяна Нұржанова.
Айта кетейік, жаңа саябақта жаяу жүргіншілер жолы төселіп, сәулеттік шағын нысандар орнатылған. Сондай-ақ 3 мыңнан аса тобылғы мен 3 мыңға жуық бөріқарақат бұтасы отырғызылды. Осылайша Алматы бүгінде тұрғындар үшін күнделікті қарбаластан тынығып, табиғатпен үндесуге мүмкіндік беретін мекенге айналып отыр.
Айдана Шалқар, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Ерекше балаларға қолдау: Алматыда инклюзия мәселесі қалай шешіледі