|
29.03.2021 | 15:49
3855

Б. Сағынтаев: Дәрі-дәрмектің бәрі жеткілікті

Алматыда карантиндік шектеу шаралары 12 сәуірге дейін ұзарды

Б. Сағынтаев: Дәрі-дәрмектің бәрі жеткілікті Almaty.tv

Алматыда карантиндік шектеу шаралары 12 сәуірге дейін ұзарды. Пандемия басталғалы вирус жұқтырғандардың күнделікті саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Қала әкімі шаһардағы эпидемиологиялық жағдайды өте күрделі деп бағалады. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев арнамыздың Akimat Live бағдарламасында мәлімдеді. Тікелей эфирде көрермендер сұрағына жауап берген  шаhар басшысы Алматыға пандемияның үшінші толқыны келгенін жоққа шығармады. Ал қаланың бұл қауіпке қарсы дайындық деңгейі қандай? Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтып берсін.

Өткен сенбіде  Алматыда өзіндік антирекорд тіркелді. Бір тәулікте 510 адам коровирус жұқтырған. Ауруханаға жатқылыған 2700-ден астам науқастың 130-ы бала. 35 адамның жағдайы өте ауыр. Жалпы қалада коронавируспен ауыратын пациенттерді қабылдауға 7011 төсек-орын және 250 реанимациялық орын әзірленген. Бүгінде соның 5 мыңы жұмылдырылыпты. Осы ретте қала әкімі қазіргі вирус жұқтыру деңгейін өткен жылғы инфекция өршіп тұрған кезбен салыстырды.

«Өздеріңіз білесіздер, шілде айында өте күрделі жағдай болған бізде. Сол шілде айында максимум біз 250-270-ке шыққанбыз. Қазір екі есе артық болып тұр. алдыңғы күні 420-450 болған. Бүгін 510. Наурыздың басында да тіпті 4-5 мыңның аралығында ПТР-тест жасап жүрген болатын болсақ, бүгінде біз 8 мыңнан шығып жатырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ қала әкімі дәрі-дәрмек сатып алу деңгейі 15 пайызға, ал жедел жәрдем шақырту күніне 2200 қоңырауға дейін, яғни екі есеге өскендігін айтады. COVID-19 індетінің жаңа толқынына дайындық аясында 2758 адамнан тұратын кадрлық резерв құрылған. Ковидтік пациенттерді амбулаториялық деңгейде бақылау үшін мобильді бригадалардың саны 5 есеге артқан.

«Тек қана таза инфекциялық орынның саны 1080. Ол дегеніміз біз былтыр үш жаңа инфекциялық клиника соқтық. Аппараттың бәрі жеткілікті, құрал-жабдықтың бәрі толығымен алынған. 100 пайыз қамтылған. Дәрі-дәрмектің бәрі жеткілікті. Енді ең бастысы мынадай қиын жағдайда әрбір азамат, әрбір тұрғын өзін, отбасын қорғауы керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бағдарлама барысында мегаполис басшысына тұрғындар тарапынан қаланың жабылуы мүмкін бе деген сауал қойылды.

«Қаланы жабуды әлі қарастырып жатқан жоқпыз. Осы қолданылып жатқан шаралар көмектеседі және жағдай тұрақталады деп үміттенеміз. Қаланың бас санитар дәрігерінің шығарған алдыңғы қаулысына түзетулер енгізіліп шектеу шаралары екі аптаға созылды. Келесі аптаның соңында ахуал қалай болатынын бағамдаймыз. Бірақ егер жағдай нашарлай берсе онда бәрі мүмкін», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Ал соңғы тәулікте қалада 415 адам коронавирус жұқтырыпты.  Мұндай өсім байқалған кезде  тұрғындар шектеу шаралары сәуірдің 12-сіне дейін ұзарғанына түсіністікпен қарайтын сыңайлы.

БЛИЦ:

- Дұрыс әрине, халықтың амандығы керек қой енді.

- Міне, мен далада келе жатсам да тағып келе жатырмын масканы, тұншықсам да, ертеңгі күні ауырмаймын.

- Есесіне ауру тарамайды деп қойып жатыр ғой, дұрыс енді.

Қалада коронавирустың британдық және оңтүстік африкалық жаңа штаммдарының пайда болғаны белгілі. Оның белгілері бұрынғыға ұқсамайды әрі таралуы да тез. Сондықтан дәрігерлер барынша сақ болуға, санитария талаптарын ұстануға шақырады.

Назкен Еркін, Назгүл Әмірбек, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир