Б. Сағынтаев: Жаңа Алматыда 350 шақырым жаңа жол салынады

Б. Сағынтаев: Жаңа Алматыда 350 шақырым жаңа жол салынады
2021 жылы барлығы 35 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарланған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы» арнасының Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Жаңа Алматы» кешенді жоспарының жүзеге асырылуы және келер жылы атқарылатын ауқымды жұмыстар жөнінде айтты.

Қала әкімі Б. Сағынтаев «Жаңа Алматы» кешенді жоспары 2019 жылы мегаполис тұрғындарымен өткен кездесулердің нәтижесі екенін  еске салды. Оның басты міндеті – қаланың орталығы мен шетіндегі теңгерімсіздікті жою. «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспарында инженерлік және жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, жарықтандыруды жүргізу, әлеуметтік нысандарды салу жұмыстары қарастырылған және 2020-2024 жылдарға есептелген.

Жалпы, осы Жоспар аясында 350 шақырым жол, 4 жол айрығы, 6 жолды созу, 28 бағдаршам нысаны, 55 жаяу жүргінші өтпелі жолы және  8 жер асты өтпелі жолдары  салынады. 194 гектар аумақты көгалдандыру да жоспарланған.

Мәселен,  өтіп бара жатқан 2020  жылы Кешенді жоспар аясында 300 шақырым сумен жабдықтау және кәріз желілері салынды. Нәтижесінде 50 мың қала тұрғыны сумен жабдықтаудың және судан бұрудың орталықтандырылған жүйесіне қосылды. Сонымен қатар, қала шетіндегі 965 көше  жарықтандырылды, 42,8 шақырым жол салынды. Қазіргі кезде 4 саябақ және 5 жаяу жүргіншілер аймақтары абаттандырылуда.

2021 жылы барлығы 35 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, 8 мектеп пен  21,4 мың орынды  17 қосалқы нысандардың  құрылыстарын аяқтау жоспарлануда.

Денсаулық сақтау мекемелеріне ерекше назар аударылатын болады.  2021 жылы №7 қалалық клиникалық аурухананың жаңа корпусы (қосалқы нысан), қуаттылығы жылына 80 мың науқасты қабылдайтын  ауданаралық туберкулез диспансері іске қосылады және №6 емхананы күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталады

Бұлардан өзге, балалардың медициналық жедел  жәрдем Орталығының қабылдау бөлімінің жаңа корпусын және операциялық блогын салу жоспарлануда. Жетісу ауданының «Кемел» ықшамауданында 200 адам қатынайтын және Түрксіб ауданының «Нұршашқан» ықшамауданында 100 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар салу да  қарастырылған.

Сонымен қатар, келер жылдың ІІ тоқсанында Алатау ауданының Трудовик ықшамауданында жедел әлеуметтік көмек пунктінің құрылысы басталады.

Келер жылы Жетісу ауданындағы «Айнабұлақ-2», Медеу ауданындағы «Алатау», Түрксіб ауданындағы «Жас-Қанат»,  Алатау ауданындағы «Зерделі», Жетісу ауданындағы «Кемел» және «Құлагер»  ықшамаудандарында 6 денешынықтыру-сауықтыру кешендерін  салу жоспарлануда.

Көлік инфрақұрылымы саласында Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарының 7 ықшамаудандарындағы 317 көшеде жалпы ұзындығы 76 шақырымнан асатын жаңа жолдардың құрылысы жалғасады. Бұл 60 мың қалалықтың көлікке қолжетімділігін жақсартады.

Бұдан өзге, жалпы ұзындығы 200 шақырым болатын жолдар желісінің жол жамылғысын жөндеу жоспарлануда.  Жалпы қала бойынша барлығы  30 шақырымнан астам тротуарлар жөнделеді және абаттандырылады, жалпы алаңы 280 мың шаршы метрден асатын  жол жамылғысына ағымдағы  жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Келер жылдың соңына дейін  Медеу ауданының Думан ықшамауданындағы ұзындығы 30,4 шақырым болатын 59 көшедегі жолдардың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады.  Өтіп бара жатқан жылы ұзындығы 3,7 шақырым болатын 6 көше жөнделді.

Инженерлік инфрақұрылымды жақсарту аясында қаланың 7 ауданында сумен жабдықтау  және суды бұру желілерінің құрылыстары жалғасады. Келер жылы жалпы ұзындығы 434 шақырымнан асатын  сумен жабдықтау және судан бұрудың 21 жобаларын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, 2021 жылы 7 кәріздік- сорғы станцияларының құрылысын аяқтау  қарастырылған.

Кешенді жоспарды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасуда.

Новости партнеров