Алматы экономикасының негізгі салаларында өсудің жоғары қарқыны сақталды – Сағынтаев

23.12.2021 01:32

Сондай-ақ бюджет кірістері өсімінің жоғары қарқыны қамтамасыз етілді

фото Максима Золотухина

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде пандемияның барлық қиындықтарына және оған байланысты шектеулерге қарамастан, мегаполис өз әлеуетін арттыруды жалғастырып, қалпына келтірудің жоғары қарқынын көрсетіп отырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Б. Сағынтаевтың айтуынша, осы жылдың қаңтар-қараша айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 108,7%-ды құрады. Өнеркәсіпте 20,1%-ға, құрылыста – 20%-ға, байланыс қызметтерінде – 13,8%-ға, саудада – 5,1%-ға өсу қамтамасыз етілді.

Инвестицияларды тартуда жоғары динамика байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 17,5% өсіммен 1 014,4 млрд теңгені (ҚР-дағы үлесі – 9%) құрады.

Сондай-ақ бюджет кірістері өсімінің жоғары қарқыны қамтамасыз етілді. 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке салықтар мен төлемдердің 28,7% өсімімен.2 трлн 558,7 млрд теңге түсті.

Экономиканы қалпына келтіру мемлекеттік бағдарламаларды белсенді іске асыру және несиелеуді  кеңейтумен қатар жүрді.


Атап айтқанда, Almaty Finance және «Алматы МҚҰ» желісі бойынша креативті экономика жобаларын қолдауға жалпы сомасы 513 млн теңгеге 9 жоба қаржыландырылды. Осы институттар жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеге барлығы 133 жаңа жобаны қаржыландырды.


Жалпы шағын бизнесті несиелеу өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе артып, 1 трлн 835,9 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ ШОБ үшін «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары жұмыс істейді. Олар өз тиімділігін дәлелдеді, сондықтан оларды жүзеге асыру келесі жылы да жалғасады.

Алматыда жыл басынан бері дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында 55 мыңнан астам жұмыс орны тұрақты жұмыспен 35 935 адам, уақытша жұмыспен – 19 106 адам қамтамасыз етілді) құрылды. Нәтижесінде жұмыссыздық бүгінде 5,1%-ды құрайды.

Бұдан басқа, Индустриалды аймақта 79,7 млрд теңге сомасына 17 жоба іске асырылды, 154,9 млрд теңгеге өнім өндірілді, 2,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Жыл соңына дейін Индустриалды аймақта 519 жұмыс орны құрылатын 4 жаңа жобаны (38,6 млрд) іске қосу жоспарлануда. Олардың қатарында шетелдің қатысуымен ПТР-тестілерінің өндірісі бойынша («Каз-диа-тест» ЖШС) маңызды жоба бар.