Алматылықтардың қордаланған мәселелері шешімін тауып жатыр. Қала басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен арнамызда өткен Akimat LIVE бағдарламасына аудан тұрғындары хабарласып, өз базыналарын жеткізген еді. Бүгін жергілікті әкімдік өкілдері халықпен кездесіп, жол мен жарыққа қатысты түйткілдердің түйінін тарқатты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт жалғастырады.
Алматылықтар Akimat LIVE бағдарламасына қоңырау шалып, мегаполис басшысына бірқатар мәселелерін айтқан еді. Алатау ауданының тұрғыны 2 жыл бұрын салынған жарық бағандарының жанбай тұрғанын айтып шағымданды. Қала әкімі бірден олқылықты жоюды тапсырды.
Бағдарламаға Алатау ауданының тұрғыны хабарласып, балалар ойнайтын алаңқайда жарықтың жоқтығын айтып, шағымданды. Қала әкімі бұл олқылықты жоюды тапсырды. Алатау ауданы әкімдігінің өкілдері бірден Саялы ықшамауданының халқымен кездесіп, жағдайды зерделеді. Мамандардың айтуынша, бұл балалар алаңы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 2 жұл бұрын салынған нысан. Жарық бағандары да су жаңа. Жауаптылар олардың істен шығуына жерасты тоқ сымдарының үзілуі себеп болғанын айтады.
«Жарық бағандары 28. Оның үшеуі ғана істеп тұр. Қалғандарына баратын жолы үзілген екен. Қыс мезгілінде, осы алдында болған жаңбырдан, топырақтың төмен түсіп кетуінің салдарынан жарықтың жер асты жолдары үзілген екен. Қазір мердігер мекемелерді шақыртып, осындағы жұмыстарды жөндеп жатырмыз. Бүгін кешке дейін бәрі қалпына келтіріледі», – деді Алатау ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Еділжан Нарматов.
Қазір жұмысшылар қай жарық бағанының сымы үзілгенін анықтап, жөндеу шаруаларын жүргізіп жатыр. Осылайша, жергілікті халық сұрауларының ескерусіз қалмағанына дән риза.
«Әкімді күнде көре бермейміз деп кеше келіп, толғандырып жүрген мәселелерді айтып алдық. «Халыққа құлақ асатын үкімет» дейді ғой, сол бойынша жұмыс істеп жатқан әкімдерге рақмет. Алатау ауданының әкімі келіп, барлық мәселені көтеріп, тыңдап, бүгін сол мәселелерді шешу бойынша жұмыс жүріп жатыр», – деді Алатау ауданының тұрғыны Эльмира Әзіретбергенова.
Бағдарлама барысында тікелей эфирге Нұршашқан ықшамауданының тұрғындары да қоңырау шалған еді. Айтуларынша, көшеден аққан қар мен жаңбыр суы әрдайым үй ауласына жиналады. Қала басшысы бірден бұл мәселені шешуді тапсырды. Бүгінде жергілікті ауданда жөндеу шаруалары жүргізіліп жатыр.
«Асфальтті салған кезде, біздің есіктің алдынан көтеріп салып жіберген. Енді көшенің суы біздің үйге қарай ағады. Кеше «Алматы» телеарнасында көрсетілген бағдарламада Б. Сағынтаевқа хабарласқан едік, енді бүгін мәселемізді шешіп берді», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Айша Аухадиева.
Одан өзге, телехабар барысында Бақытжан Сағынтаев 15 шілдеден бастап шаһарда ақпараттық технология саласы бойынша жас мамандарды тегін оқытатын бағдарлама іске қосылатынын хабарлады. Пилоттық жобаға экономикалық және техникалық оқу орындарының 3-4 курс студенттері қатыса алады. Бұл бастама арқылы алдағы жылдары кадрлық ресурсты арттыру мәселесі шешілмек.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы