«Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев желтоқсан оқиғасына қатысушылардың құрметіне саябақтың ашылуы — тарихи оқиға екендігін атап өтті
Ағымдағы жылдың 13 желтоқсанда Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен «Желтоқсан» саябағы ашылды. Осыған қатысты желтоқсан оқиғасының жетекшілері өз ойларымен бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев желтоқсан оқиғасына қатысушылардың құрметіне саябақтың ашылуы — тарихи оқиға екендігін атап өтті.
«Бізге қаладағы ірі үш саябақтың бірі бөлінді. Енді жастарымыз осы орынға келіп, сол оқиғалар жайлы біліп, желтоқсан құрбандарын еске алып жүретін болады деп үміттенеміз. Сондай-ақ, келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын және барлық игілікті тілеймін», — деген ол қала әкімдігіне алғысын білдірді.
Өз кезегінде, «Желтоқсан жұлдыздары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, желтоқсан оқиғасына қатысушы Гүлмира Мұстафина «Желтоқсан» саябағаның ашылуының символдық мәні бар екенін атап өтті.
«1986 жылы болған Желтоқсан көтерілісінің маңызы зор, және желтоқсан оқиғасына қатысқан біздер әкімдіктен, қала басшылығынан желтоқсаншылар құрметіне саябақ ашуды сұраған болатынбыз. Көптен күткен саябақтың ашылуы да өтті. Әкімдіктің біздің ұсынысымызды қабылдап, қаламызда саябақтың пайда болғанына қуаныштымыз. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде бұл саябақтың маңызы зор, балалар 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы білулері керек», — деп бөлісті Г. Мұстафина.
Ол сонымен бірге, саябақ аумағының алдағы уақытта дамитынына және қала тұрғындары жиі келетін орындардың біріне айналады деген үмітін білдірді.
«Бізді аумақтың 100 гектарға жуық екендігі қуантты, біраз дүние жасауға болады. Болашақта мұнда жастар дем алатындай еске алу бұрыштары жасалады деп сенеміз», — деді ол.