Тәуелсіздік күніне орай медицина қызметкерлеріне су жаңа 50 жедел жәрдем көлігі тапсырылды. Заманауи құралдармен жабдықталған темір тұлпарларды қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы барып көріп, жедел жәрдем бригадаларына сәттілік тіледі. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатады.
Бүгін қалалық жедел жәрдем қызметі тағы 50 су жаңа көлікпен толықты. Қала әкімі медицина қызметкерлеріне қызметтік көліктердің кілтін тапсырды. Шаһар басшысы машиналардың қалай жабдықталғанын көріп, бригада мүшелерінің қызметіне сәттілік тіледі. Жалпы еліміз егемендік алғалы медицина саласы қарқынды дамып, оған жіті көңіл бөлініп келеді. Ал, биылғы пандемия дәрігерлер мен медицинаның қаншалықты құнды екенін тағы да көрсеткендей болды. Жаһанды жалмаған дертпен күресте алғы шепте болған дәрігердердің еңбегін атап өтпеу мүмкін емес. Әсіресе сондай қиын кезеңде дәл осы жедел жәрдем көліктерінің қажеттілігі мен маңызы қатты сезілген еді.
«Медицина қызметкерлерінің мойнында үлкен жүк жатыр. Тұрғындардан шақыру келгенде біз науқастың қандай жағдайда екенін нақты білмей барамыз. Сондықтан жедел жәрдем көлігінде керекті құрылғылардың бәрі болғаны өте маңызды. Әрине, сапасы жағынан да аппараттар жақсы жұмыс істеп тұруы керек. Бүгін осындай қосымша машиналар берілгені біз үшін қуаныш», – деді қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің директоры Біржан Оспанов.
Еске салсақ, осыдан бірнеше ай бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жедел жәрдем көлігінің 35 данасын тапсырған еді. Енді алдағы бірнеше аптада тағы 50 жедел жәрдем машинасы қолданысқа берілмек. Сөйтіп биыл жедел жәрдем көліктері 80 пайызға дейін жаңарады.
«Жедел жәрдем міне көріп тұрсыздар ғой осымен екінші рет қанша машиналар жаңарып жатыр. жедел жәрдем болғаннан кейін біз кез келген уақытта ауруларға тез жетуіміз керек», – деді жедел жәрдем қызметінің көлік жүргізушісі Ералы Мәмбетбаев.
Мамандардың сөзінше тәулік бойы жолда жүретін көліктер соңғы жылдары ескіріп кеткен екен. Енді машина фельдшерлер үшін бұрынғыдан да ыңғайлы бола түспек әрі түскен науқастың өмірін дер кезінде сақтап қалуға сеп болмақ.
Жаңадан берілген көліктер Б және С санатына жатады, яғни соңғы үлгідегі стандарттарға сай жабдықталған деген сөз. Атап айтсақ мұнда жасанды желдеткіш аппараттары, электрокардиограф, монитор сияқты жедел көмек көрсетуге арналған барлық құрылғылар бар.
Айта кету керек, бүгінде қалалық жедел жәрдем қызметінде 3 мыңнан астам адам еңбек етеді. 200 жедел жәрдем бригадасы, 250-ден астам көлік бар. Биыл жедел жәрдем көмегіне 500 мыңдай қоңырау келіп түскен екен.
Назкен Еркін, Рашит Шүкрәлиев, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы