|
17.12.2020 | 17:12
19997

Алматыда Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алды

«Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

Алматыда  Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алды

Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алды, деп хабарлайды Almaty.tv

 «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, желтоқсан оқиғасының құрбандарына тағзым ету рәсімі жасалды. Бұл шараға Алматы қаласының әкімдігінің басшылығы, және желтоқсандық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Ресми шара алдымен 1986 жылғы Желтоқсан құрбандарын еске алу үшін бір минуттық үнсіздікпен басталды.

Содан кейін ел ағалары, қала басшылығы және желтоқсан оқиғасына қатысушылар тәуелсіздік таңы монументіне гүл шоқтарын қойды.

Ізін ала тәуелсіздік жолында жанын берген жастардың рухына арнап құран бағышталып дұға оқылды.

Тәуелсіздік  – ата баба арманы. Ұл мен қыздың қорғаны. Ел егемендік алып ешкімге тәуелді болмай еркін өмір сүруі үшін талай азамат қыршын кетті. Болашақ үшін бастарын бәйгеге тікті. Қалың елді ойлап қам жеген жастар мақсатына жетті, ел КСРО-дан іргесін бөліп ірі мемлекетке айналды. 30 жылда орда бұзылды, Қазақ мемлекеті әлемге өз атын әйгілеп үлгерді. Бұл – әуелі тәуелсіздіктің басты жеңісі һәм жемісі.

«Әрине, қазақ елі үшін Тәуелсіздік өте маңызды. Біз жастарға сенеміз. Жастар – тәуелсіздігіміздің болашағы. Сондықтан елін сүйетін, жерін сүйетін қазағым деп қаны қайнап тұратын жастарды тәрбиелеу біздердің міндетіміз. Қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгі жасасын. Көк туымыз көкте самғасын», – деді  Желтотқсан оқиғасына қатысушы Нұргүл Қызайбекова.

«Тәуелсіздік таңына» таң ата дәл осы күні келетін жұрт көп. Бәрі де ерлік жасаған ерлердің есімін ұлықтауға асығады. Тағзым жасап, тағдырына тәубе қылады. Өкінішке қарай, іргеден шыққан індет әлемге тарады. Дүниежүзін дүр сілкіндірді. Кесірінен келушілердің санына шектеу қойылды. Карантин талаптары ескерілді. Ал, еске алуға келгендер егемендіктің қадірін жете түсініп, бостандықтың бәсі биік тұратынын естен шығармау қажет дейді.

«Осы тәуелсіздігім мың жылдық болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, мына бүкіл дүниежүзіне келген  індет  халқымызды айналып өтсін», – деді  Желтотқсан оқиғасына қатысушы Қыдырбек Қылқабаев.

Азаттықтың әрқашан қастерлі ұғым екенін, ел егемендік алғанда бөркін аспанға атқан халықтың қуанышына куә болған зиялы қауым жақсы түсінеді. Сол үшінде бүгінгі ұрпақ, барды бағалап, арды ардақтау қажеттігін әр кездесу де, кезмкелген жүздесуде айтып жүр. Себебі елу жылда ел жаңаратыны белгілі дүние.

«Абайдың арманындай болғандай тәуелсіздік. Махамбеттің мақсатындай болған тәуелсіздік дер едім мен. Ал осыдан отыз жыл бұрын осы тәуелсіздікке қолымыз жетіп, бөркімізді аспанға атып, ақ түйенің қарны жарылғандай қуандық. Бұл өте заңды қуаныш болатын», – деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

«Мінеки, 30 жылдыққа аяқ басқалы отыр. Былай қарағанда, ол көп жыл емес. Осы 29 жылдың ішінде қалай өзгергенін көзі ашық, көңілі кең кез келген азамат соны көріп, соның дәмін татып, қандай жағдайға біз жеттік, соны көріп келе жатырмыз», – деді Қазақстанның Тұңғыш Еңбек ері Аягүл Миразова.

Айта кетейік, «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші Алматыда 2006 жылы орнатылған. Содан бері мұнда жыл сайын желтоқсан оқиғасының құрбандарына тағзым ету рәсімі жасалып келеді. Ескерткіш танымал қазақ сәулетшісі әрі дизайнер Тимур Сүлейменовтің жобасы бойынша жасалған. Туынды қызыл және ақ граниттен жасалған екі пилоннан тұрады. Алғашқысы өткен мен болашақ арасындағы қақтығысты, жарылысты, халықтың өзіндік сана-сезімінің сілкінісін білдіресе, екіншісі мемлекеттің тәуелсіздігі мен бостандықтың салтанат құруын меңзейді. Композицияға ұшуға ұмтылған әйелдің мүсіні енгізілген. Ол оң қолына татулыққа шақыру нышаны іспетті орамал ұстаған. Ал сол қолында бостандыққа талпынысты, ұшу белгісін білдіретін қанатын жайған құсты ұстаған. Көк байрағы көкте желбіреген, абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир