Алматыда журналистер арасында бильярдтан турнир өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Жарыс «Вечерний Алматы» газетінің 85 жылдығы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бір топ журналист өзара үздікті анықтады. Бұл жолы шығармашылықтан емес, бильярд ойынындағы шеберліктерін сынады. Жарыс «Вечерний Алматы» газетінің 85 жылдығы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілді. Қалалық «Alatau Aqparat» медиахолдингінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған байқаудың бас демеушісі – ҚР Құрылыс салаларының одағы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Қолына қалам мен микрофон ұстаған журналистер қауымы бұл күні қызметтік құралдарын тастаяққа алмастырды. Жарысқа түрлі телеарналардан, мерзімді басылымдар мен ақпарат агенттіктерінен барлығы 32 адам қатысып, өзара мықтыны анықтады. Тартысты ойын қаладағы «Most» бильярд клубында таңертең басталып, кешке дейін жалғасты. Жүлделі бірінші орынды «Еуразия» бірінші арнасының шеф-редакторы Үмбетәлі Меймеш иеленсе, екінші орын Alatay Aqparat медиахолдингі бас директорының орынбасары Нұржан Шынтаевқа бұйырды.

«Ойынның ерекшелігі – жыл сайын қатысып келе жатқан қатысушылардың деңгейінің өсіп келе жатқаны. Мұндай жарыстарда жүлде алу мақсат емес, ең бірінші, ағалармен, інілермен, әріптестермен шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құру әр журналистің мақсаты», – деді «Еуразия» бірінші арнасы Таңғы бағдарламасының шеф-редакторы Үмбетәлі Меймеш.

Жеңімпаздардың арасында «Алматы» телеарнасының бас операторы Мұратбек Алмасхан да бар. Тастаяқ ойынымен әуесқой түрде айналысып жүрген ол байқауда жүлделі 3-орынды иеленді.

«Ойын керемет болды, қарсыластар мықты. Күнделікті айналысып жүрмегендіктен, аздап қиынға соқты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын, Тәуелсіздігіміз мәңгілік бола берсін», – деді «Almaty» телеарнасының бас операторы Мұратбек Алмасхан.

«Вечерний Алматы» басылымы алғаш рет 1936 жылдың 23 сәуірінде жарық көрген. Бүгінде қала жұртын мегаполистің тыныс-тіршілігімен таныстыратын газет 36 мың тиражпен тарайды.

«Бұл карантиннен кейін өткізіп отырған алғашқы шарамыз. Бір-бірімізбен кездесіп, арқа-жарқа болатын осындай кештерді сағынып қалыппыз. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қаламыздың ірі басылымының 85 жылдығын атап өтіп отырмыз. Бізді кәсіби мамандығымыздан бөлек, спорт та біріктірді», – деді «Alatay Аqparat» медиахолдингінің коммерциялық директоры Қуаныш Досқалиев.

Ойыншыларға Қазақстан Республикасы бильярд спорты федерациясының мамандары төрелік жасады. Шара соңында жеңімпаздарға арнайы кубок пен алыс хаттар, бағалы сыйлықтар табысталды.

Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров