Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында мегаполистің Түрксіб ауданында, «Желтоқсан» саябағында ескерткіш тас қаланды. Іс-шараға Желтоқсан бірлестіктерінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылармен бірге Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Рәсімге қатысушыларға арнаған сөзінде Е. Бабақұмаров болашақ монументтің іргетасының қалануы «Желтоқсан» саябағы ашылғаннан бір жыл өткен соң және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орайластырылғанын атап өтті.
Алматы әкімінің орынбасары Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың осы жастар армандаған тәуелсіздікке қол жеткізгеніміз туралы сөздерін еске салды. Олардың көрсеткен ерлігі ұмытылмауы керек. 30 жыл бұрын халық бостандық пен тәуелсіздік пайдасына таңдау жасады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тоталитарлық жүйе қысқан осы оқиғаларға қатысушылардың ерліктерін дәріптеу қажеттігі туралы мәлімдеді.
«Бір жыл бұрын біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындыққа кірістік. «Желтоқсан» саябағының орны мен атауы Желтоқсан бірлестіктерінің өкілімен бірге анықталды. Алматы әкімі Б. Сағынтаев монументті орнату туралы тиісті шешім қабылдады. Бұл күн біздің қаламыздың тарихындағы маңызды оқиға болатынына сенімдімін», – деді қала әкімінің орынбасары.
«Саябақтың ашылуы, болашақта ескерткіш орнату – бұл Желтоқсан батырларына құрмет қана емес, олардың ерлігін мәңгі есте сақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу. «Желтоқсан» саябағы үлкен әрі оған келетіндер де көп болады – оны абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Бұрын бұл қараусыз қалған сквер болатын, ал енді қала тұрғындары жаңа қоғамдық кеңістікті аралай отырып, біздің халқымыздың тарихымен танысады», – деп атап өткен Е. Бабақұмаров жиналғандарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Қазіргі уақытта «Желтоқсан» ескерткішінің эскизін әзірлеуге конкурс жарияланды.
Бұл күні «Желтоқсан» саябағында ашық аспан астындағы мұражай да ашылды.
Экспозицияларда Желтоқсан оқиғасының кейіпкерлері, тарихи құжаттар, сондай-ақ 1986 жылғы көтеріліске қатысушылар туралы баяндайтын фотоматериалдар ұсынылған.
Іргетасын қалау рәсіміне қатысқан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет өткен жылы осы жерде «Желтоқсан» саябағының ашылуы өткенін еске алды.
«Іргетастың қалануы Алматы әкімдігінің Желтоқсан оқиғасын мәңгі есте қалдыру жөніндегі жұмысының қисынды жалғасы болды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – кеңестік режимді құлатқан тарихи оқиға. Өкінішке қарай, тоталитарлық жүйе алаңға шыққан жас жігіттер мен қыздардың тағдырын бұзды. Желтоқсан көтерілісі Қазақстан тарихында ерлік және сонымен бірге қайғылы оқиға болып қала береді. Сондықтан бүгінгі тастың қалануы және болашақта ескерткіштің ашылуы өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін ерекше маңызға ие және желтоқсаншылардың ерлігіне құрмет болады», – деді Ұ. Есдәулет.
Рәсімге қатысушылар «Желтоқсан» саябағының аумағына ағаш отырғызды. Болашақта бұл аумақты көгалдандыру жоспарлануда.
Іс-шара соңында шақырылған Желтоқсан оқиғасына қатысқандар үшін патриоттық әндер орындаған эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт қойылды.