Тәуелсіздік күні Алматыда қандай жаңа нысандар ашылды

Тәуелсіздік күні Алматыда қандай жаңа нысандар ашылды
Бүгінде экономиканы дамытудың маңызды қадамдарының бірі - туристік әлеуетті арттыру
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Медеу визит-орталығы ашылды. Жеке кәсіпкердің қолдауымен жұмысын бастаған нысан туристердің таулы аймақта қауіпсіз әрі жайлы демалуы үшін қызмет көрсетеді. Бүгінгі мереке қарсаңында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев экотуризмді дамыту шаралары аясында құрылған жаңа орталықтармен танысты. Сондай-ақ шаһарда бұрын-соңды болмаған әлемдік стандарттарға сай қонақүй ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

   

Алматының сұлу көркі мен таудың саф ауасына қызығатындар көп. Бүгінде экономиканы дамытудың маңызды қадамдарының бірі - туристік әлеуетті арттыру. Сондықтан қала басшылығы тарапынан қайтсек туристерді тартамыз, оларға қалай жайлы жағдай жасауға болады деген сұрақтар әр кез назардан тыс қалған емес. Бүгінгі мереке қарсаңында жұмысын бастаған Медеу-визит орталығы –  соның айқын дәлелі. Мұнда «Іле-Алатау» ұлттық паркі туралы барлық қажетті ақпарат бір жерде жинақталған. Сондай-ақ туристерге кеңес берушілер жұмыс істейді.    

«Біздің орталықта туристердің жайлы демалуы үшін керек нәрсенің бәрі бар. Таудағы ауа райы құбылмалы ғой. Кез келген уақытта тұман түсіп, суытып кетуі мүмкін. Сондықтан саяхатшылардың осы жерден жылы жамылғылар мен қолшатырлар, сондай-ақ, сусындар мен тағамдар алуына болады. Киім ауыстыратын арнайы бөлмелер мен дәретханалар да қарастырылған», – деді «Медеу-визит» орталығының директоры Милена Садықова.

Қала басшысы одан бөлек, екі ай бұрын құрылысы басталған «Медеу парк отель» қонақүйінің жұмысымен танысты. Жеке мердігер компания 2024 жылы аяқтап, тапсыруды жоспарлап отыр. 90 нөмірлі болатын қонақүй түгелдей экологиялық материалдан тұрғызылмақ. Яғни қоршаған ортаға зиян келтіретін пластикалық өнімдер қолданылмайды. Мегаполис басшысы сондай-ақ, қаладағы «Жетісу» қонақүйінің салтанатты ашылуына қатысты. Мейманхана желісінің ерекше тұсы – ертеде қалған қазақи дәстүрді жаңғыртуды көздейді. Мұнда қазақтың ежелде ұмыт болған түрлі тағамдары мен қымыздың 40-тан астам түрі көпшілікке ұсынылады.

«Біздің мақсатымыз – қазақтың пайдалы әрі құнарлы тағамдарын шетелден келген туристерге таныстыру. Өздеріңіз байқағандай, мейрамханадағы әрбір иллюстрация ежелгі қазақ тарихынан сыр шертеді», – деді этнограф, ғалым Әйгерім Мұсағажинова. 

Бостандық ауданында жаңадан бой көтерген «Халықаралық шаңғы трамплин кешеніндегі» спорт залдар мен жаттығу алаңдары әлемдік тәжірибеге сүйене отырып салынған. Яғни, кешендегі әрбір құрылғы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. 

Аумағы 6200 шаршы метр болатын бұл залда спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Мәселен бір бөлігінде футбол, волейбол ойнауға болса, екінші бөлігінде қазақша күрес, грек-рим, дзюдомен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ көрермендер үшін 1280 орындық арнайы жабдықталған. Ал бұл жабық бассейн алаңы. Мұнда бір мезетте 40-қа жуық спортшы еркін жаттыға алады. Қаланың спорт саласын дамыту мақсатында қолға алынған бұл шаруалар алдағы уақытта өз жемісін береді дегенге сенім мол.

«Бассейнде суды тазалау үшін фильтрация құрылғылары орналасқан. Автоматты түрде жұмыс істейтін құрал тек судағы бактерияны ғана емес, құм мен тұздарды тазалай алады. Су температурасы да тұрақты сақтаулы. 25-26 градусты көрсетіп тұрады», – деді мердігер компания өкілі Еркін Қуанышов.

Кешен алдағы жылда өз жұмысын бастайды. Мұнда балаларға арналған жүзу спортынан үйірме ашылады жеп жоспарланып отыр. 3 жастан 16 жасқа дейін қабылдайтын арнайы топтар тегін жүргізіледі. 

«Бүгінге дейін қазақша күрес пен грек-рим сынды спорт түрлерімен айналысатын өзіміздің тұрақты залымыз болған жоқ. Балалар жарысқа шығар алдында қаладағы жеке меншік залдарды жалға алып, дайындық жүргізетінбіз. Бұл әрине, жарыстың нәтижесіне әсер етеді. Жаңа спорттық кешенде киім ауыстыру, суға түсетін арнайы бөлмелер мен фитнес орталықтары да бар. Енді спортқа қызығушылық танытқан кез келген бала осында келіп тегін жаттыға алады», – деді мердігер ұйымның байқау кеңесінің төрағасы Ерлан Қожасбай. 

Сонымен қатар қала әкімі бүгін Алатау бөктерінде құрылыс жүріп жатқан Qazaq этноауылдың жұмысын арнайы барып көрді. Аумағы 1 гектардан асатын бұл аймақта мейрамхана, қонақүй және салтанатты іс-шаралар өткізуге арналған амфитеатр болады. Жоба 2022 жылы пайдалануға беріледі. Бір қуантарлығы, экотуризмді дамыту мақсатында қалада жүргізіліп жатқан құрылыста шетелдік компаниялардан гөрі отандық өндірушілердің үлесі басым.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров