«Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаламгерлермен кездесіп, ақын, жазушыларға арнайы гранттар табыстады. Зиялы қауым өкілдеріне қала руханиятына қосқан үлестері үшін алғыс айтып, шығармашылық шабыт тіледі. Сондай-ақ кездесу барысында «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бүгін Алматы әкімі зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, кездесу өткізді. Алдымен мегаполис басшысы қаладағы эпидахуалға бір шолу жасап, дерт деңгейі төмендегеніне қарамастан, «омикрон» штамынан келер қауіп көп екенін еске салды.
«Қала тұрғындарына айтарым, дер кезінде вакцина салдырыңыздар, вакцина алғандар алты айдан кейін қайта салдыра алады. Бүгінде вакцинаның түр-түрі бар. Бәрі жеткілікті. Қайтадан ревакцинация жасап, өз-өзімізді сақтауымыз қажет», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бүгінде еліміздің Жазушылар Одағының құрамына 820 адам мүшелік етсе, соның тең жартысы Алматыда тұрады. Қаланың шығармашылық қауымын қолдау мақсатында әрі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ақын-жазушылар қала әкімінің арнайы гранттарын иеленді.
«Алматы әкімінің гранты – осы шаһарда тұратын жазушыларға үлкен демеу. Материалдық жағынан үлкен көмек болып отыр. Ақын-жазушылардың шығармашылықпен алаңсыз айналысуына мүмкіндік туғызып отырған грант болып тұр», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Грант иегерлері мұндай қамқорлық әсіресе пандемия кезінде карантинде қысылған қаламгерлер үшін айтарлықтай қолдау болды дейді.
«Әрбір жазушыға өзінің шығармашылығын дамытуға, жаңа дүние жазуға өте лайықты көмек деп есептейміз. Қазір бәрі алғысын айтып, риза болып жатыр. Ол – бір. Сосын жалпы руханиятқа, мәдениетке Алматы әкімдігі өте сергек, жан-жақты қарайды. Биылдың өзінде 100-ден астам жаңа кітап жарық көрді», – деді жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Мереке Құлкенов.
Бұдан бөлек, жиын кезінде Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» байқауының қорытындысы шықты.
«Үлкен резонанс тудырған байқау болды. Республиканың түкпір-түкпірінен қатысты. Үлкен тартысты байқау болды. Бірақ жарыс болған жерде жеңімпаз бар. Біз төрт жеңімпазды анықтап бердік. Бүгін Алматы қаласының әкімі өз қолымен сол кісілерге сертификат тапсырды», – деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек.
Шығармашылық жұмыстар поэзия, проза, балалар әдебиеті және драматургия сияқты төрт жанрда қабылданған. Байқауға 100-ден аса ақын-жазушы қатысыпты.
«1932 жылдың қасіреті туралы бір шығарма жазсам деп ойлап жүр едім. Соған байланысты «Көкшулан» деген әңгіме жаздым. Новелла. Сол новеллаға жақсы баға беріліп, осындай нәтижеге жетіп отырмыз. Қала әкімдігінің істеп жатқан осындай игі істеріне құрметпен қарап, рахметімізді айтамыз», – деді «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» байқауының проза аталымы бойынша жеңімпазы Тұрысбек Сәукетаев.
«Қала әкімінің қаламгерлерге жасап жатқан жақсылығына біз шын ризашылығымызды білдіреміз. Қалалық әкімдік ұйымдастырған бәйгеде поэзия жанры бойынша жеңімпаз болғаным үшін өте қуаныштымын», – деді «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» байқауының поэзия аталымы бойынша жеңімпазы Пәтигүл Махсатова.
Жүзден жүйрікті анықтаған комиссия мүшелері шынында да, бүгінгі прозада қаланың тыныс-тіршілігіне, адам тағдырына көңіл бөлініп, мегаполистің қозғалысы мен келбеті шығармалардан көрініс таба бастады дейді.
«Қазақ прозасында қала прозасы дамып келе жатыр. Қазақ жазушылары өзіне таныс ауыл өмірімен тыныстап, ауыл адамдарының келбетін жасаумен келе жатыр. Ал қалаға бет бұру осындай гранттар ұйымдастырумен қызықты болады ғой деп ойлаймын. Еуропаның әдебиетін мысалы, тек қана қалалық әдебиет деп қарауға болады. Бізде де сол қалалық әдебиет, қалалық мәдениет қалыптасып келеді», – деді жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Дәурен Қуат.
Бұдан бөлек, кездесу барысында қаламгерлер қалада жүріп жатқан жүйелі жұмыстарға оң бағасын берді. Олар экологияны, қаланың шеткі аудандарын дамытуда атқарылған шаруаларды тілге тиек етті. Сондай-ақ аға буын өкілдері мәдени ошақтарды ретке келтіруге, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы музейді қайта жаңғыртуға білек сыбана кіріскен әкімдік жұмысына ризашылығын білдірді.
«ТЭЦ-ті газдандыру, газға көшіру ісі қолға алынды. Бұл алматылықтардың ондаған жылдар бойғы арманы болатын. Мінекей, осы жолда Бақытжан Сағынтаев мырза үлкен қадамды бастады», – деді жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай.
«Мысалы, Жазушылар одағының ғимаратына көптен күрделі жөндеу жасалмаған еді. Бүгінде керемет жөндеу жасалды. Қазір хан сарайындай өте әдемі. Содан кейін қаладағы үлкен шараларға жазушылар атсалысып тұрады. Мұның бәрі жалпы еліміздің руханиятына өте үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймыз», – деді сыншы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Әлия Бөпежанова.
Жалпы, былтыр Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен 30 автордың жұмысы басып шығарылып, жас жазушылардың да, қазақ классиктерінің де еңбегі қолдау тапқан. Биыл жүзден астам қаламгердің кітабы жарық көрді. Алдағы уақытта кітаптардың тұсауы қала кітапханаларында кесілмек.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы