Алматыда бүгінге дейін 3600‑ден астам спорт кешені мен жаттығу алаңы ашылған

Алматыда бүгінге дейін 3600‑ден астам спорт кешені мен жаттығу алаңы ашылған
Шымбұлақ тау шатқалына жыл басынан бері 750 мыңға жуық турист келіпті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымбұлақ тау шатқалына жыл басынан бері 750 мыңға жуық турист келіпті. Осыған қарап-ақ Алматыда спорт пен туризм саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын байқауға болады. Жалпы, мегаполисте 33 мыңнан астам бала спорттың 37 түрі бойынша үйірмелерге тегін қатысады. Қала басшылығы салауатты өмір салтын ұстанатындардың санын арттыру үшін жаттығу залдарын көптеп ашып, модернизация жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда бүгінге дейін 3 600‑ден астам спорт кешені мен жаттығу алаңы ашылған. Мұның басым бөлігі тәуелсіздік жылдары бой көтеріпті. Одан бөлек, маңызы бар ірі кешендер күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде туристер көп келетін орталықтарға айналып отыр. Солардың бірі – Медеу мұзайдыны мен Шымбұлақ тау шатқалы.  

Медеу мен Шымбұлақ арасында 4,5 шақырымдық аспалы жолдар салынған. Аспалы жолдар болат арқан арқылы секундына 5 метр жылдамдықпен қозғалады. Мұнда дәл осындай 115 кабина бар екен. Яғни ,1 сағат ішінде 2 мың адам тауға көтеріле алады деген сөз.

Шымбұлақ тау шатқалына жыл басынан бері 750 мыңға жуық турист келіпті. Көпшілігі әсем табиғатты тамашаласа, спортты серік еткендер сноуборд, шаңғы тебеді.

«Мұнда Қызылорда қаласынан келіп отырмыз. Командамызбен бірінші мәрте келдік. Өте керемет. Тамаша сезімдеміз. Алдағы уақытта Құдай қаласа, тағы келеміз», – дейді қала қонағы Зейнеп Мәмбетова.

«Осы табиғатты көру үшін арнайы Оралдан келіп тұрмын. Алматыға бірінші келіп тұрмын. Барлығы өте керемет, ауа райы да тамаша», – дейді тағы бір мейман Олжас Шәріпов.

Тіпті, туристердің арасынан өзге елден келген қонақтарды кездестірдік.  

«Мен Украинадан келдім. Бәрі өте әдемі. Әсіресе Алматы тауларын сөзбен жеткізу мүмкін емес. 2 ел арасындағы достық қарым-қатынас нығая берсін», – дейді турист Владимир Богомол.

Ал Медеу мұзайдынында адам қарасы тіптен көп. Айта кетейік, Медеу –  дүниежүзіндегі мұз айдыны бар ең ірі спорт кешені. Яғни, 10 500-ден астам көрермен оңай сыйып кетеді.

Медеу мұзайдынында бұған дейін түрлі әлем чемпионаты мен халықаралық жарыстардың да өткенін айтуға болады. Мұнда VII қысқы Азия және Универсиада ойындары өтіп, тәуелсіз Қазақстанның тарих қойнауына кетті. Тіпті бұл кешен – әлемдік спортты елең еткізген 150-ден астам рекордтың куәсі.

Сондай‑ақ 2011 жылы модернизациядан өтіп, заманауи үлгіде салынған Балуан Шолақ спорт сарайында жасөспірімдердің көпшілігі дзюдо, грек-рим сынды күрес түрлеріне жазылады екен.

Қазір мұнда 20 бала дайындалып жатыр. Барлық қатысушының арманы бір – әлем чемпионаттарында топ жарып, олимпиада шыңын бағындыру.

Одан бөлек, мамандар олимпиада ойындарына соңғы болып қосылған спорт түрлеріне баса назар аударып отыр. Соның нәтижесінде брэйк-дэнс, каратэге арнап жаттығу залдарын ашыпты.

Балуан Шолақ сарайының тағы бір артықшылығы – құзға өрмелеуге арналған зал бар. Бұл спорт Токиода өткен олимпиада ойындарына қосылғаннан кейін Алматыда экстремалды спортпен айтналысатын жастардың саны күрт өскен.

Айта кетейік, Шымбұлақ, Медеу, Балуан Шолақ спорт кешендері 2011 жылы VII қысқы Азия ойындары қарсаңында күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Ал «Сұңқар» трамплин айлағы сол жылы жаңадан салынып, әлемдік деңгейдегі 5 бірдей ірі жарыс өткізілді. Шетелдік сарапшылар трамплин кешенін жоғары бағалап, дүниежүзіндегі үздік бестікке енгізді.

Мерей Қанапиянов, Жақсылық Тілепбергенов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров