Алматының Наурызбай ауданында Желтоқсан оқиғасының қатысушыларына құрмет көрсетілді. Мерекелік шарада жергілікті аудан әкімі азаттықтың ақ таңы үшін алаңға шығып, егемендік жолында күрескен аға-әпкелерімізге мерейтойлық медаль тақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған кешке өнер жолында жүрген белгілі әншілер қатысып, патриоттық әндер шырқады.
«Санжар Әділұлының қолынан марапат алған желтоқсандықтар алғысын білдіруде. Тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгілік болсын деп тілей отырып, бізге құрмет көрсетіп жатқан қазақ жұртына желтоқсандықтардың атынан алғысымыз зор», – деді Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ғани Аюпов.
Одан бөлек, Желтоқсан оқиғасының қатысушылары Тәуелсіз Қазақстан жастарына зор үміт, мол сенімнің артылатынын баса айтты. Ел болашағы солардың қолында деген аға буын келер ұрпақтың өткеннен өнеге, тарихтан тағлым алуында үлкен мән бар дейді.
«Жастарға айтарым, өсіңдер, өркендеңдер. Болашақтарың жақсы болсын», – деді Желтоқсан оқиғасына қатысушы Әріп Қабыланов.