Қаржы пирамидалары: алаяқтардың арбауына қалай түсіп қалмау керек?

Қаржы пирамидалары: алаяқтардың арбауына қалай түсіп қалмау керек?
Тек өткен жылдың өзінде Қазақстанда қаржылық пирамида құрғандарға қатысты 66 қылмыстық іс қозғалыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық зейнеткер екі жылдан бері тұтыну кооперативіне салған ақшасын ала алмай әлек боп жүр. Алексей Разин қаржылық пирамидаға алданып қалдым дейді. Фирмадағылар оған салған ақшасынан еселеп пайда көресің деп уәде берген көрінеді. Аз уақыт ішінде байып кеткісі келіп, 1000 долларын берген азамат бірнеше айдан соң миллионерге айналуы тиіс еді. Алайда, ол әлі күнге дейін не уәделі миллиондарын, не өз ақшасын ала алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Тоғжан Жалғасбекқызы.

Алексей Разин – музыкант. Жасы 65-ке келсе де кешкі уақытта көңіл көтеретін орындарда ән айтады. Айтуынша, «ITC» тұтыну кооперативіне өткен жылдың мамыр айында тыңдармандарының бірі ертіп барыпты. Оңай табыстан үміттенген зейнеткер мың долларын береді. Компанияда ол ақшаны 60 мың рубльге айналдырып, 60 мың «токен» сатып алған. Бұл дегеніміз, дәл сол ақшалар, тек сандық түрде. Зейнеткерге қазіргі уақытта ICO процесі, яғни монеталарды бастапқы орналастыру жүріп жатыр деп түсіндіріпті. Ал үш айдан кейін компания осы токендарды биржада сатуы керек болған. 

«Өткен жылдың тамыз айында табыс көруім керек еді. Әр рубль долларға айналуы тиіс еді. Менде 60 мың рубль болды. Маған берген уәделері бойынша ол ақша 60 мың долларға айналуы тиіс еді. Алайда, екі апта өтпестен ереже өзгерді. ICO- ның аяқталуын бір айға шегерді», – дейді Алексей РАЗИН.

Алексей бізбен тек анонимді түрде ғана сөйлесуге келісті. Айтуынша, бір жылға жуық өтсе де ICO-ның аяқталатын түрі жоқ. Ал оның сұрақтары мен шағымдарына нақты жауап бермей, тек күте тұр деп қайтарады екен. Бұл ұйымның қалай жұмыс істейтінін тексермек болып, біз де тұтынушы ретінде барып көрдік. Алғашқы сөзден-ақ кооперативтегілер ақшаға қарық қыламыз деген уәделерін жаудырды. «Дәл қазір 2 мың доллар салсаңыз, бір жылдан соң бұл ақшаңыз 12 есеге артады» деді.  

Кооперативтің жұмысы мен олардың беріп отырған уәделері біздің күмәнімізді тудырды. Сондықтан ІТ-маманның пікіріне жүгінген едік, олар да мұндай ертегілерге сенбеуге кеңес берді. Хайдар Диятов «аз уақытта керемет пайдаға кенелуге ешкім де кепілдік бермейді» дейді. «Токендер» биржаға шыққан күнде де, олардың алдағы тағдырына болжам жасау қиын.

«Сізге ешқандай кепілдік болмайды. Себебі бұл – инвестиция. Кез келген инвестицияны құйғанда тәуекелге барасыз. Әсіресе, блокчейн-энтузиастар арасында қауіп-қатерлер үлкен. Нарықта алыпсатарлар көп, сондықтан ешқандай кепілдік жоқ. Сіздің сеніміңіз ақталмай, соңында опық жеп қалуыңыз ғажап емес», – дейді IT-маманы Хайдар ДИЯТОВ.

Кеңседегілер бізге бұл кооператив сондай-ақ, құрылыспен, үй, пәтер және көлік сатумен де айналысады дегенді айтты. Тиімді мәміле жасау үшін бар болғаны жарна құю қажет. Ол жылжымайтын мүлік немесе автокөлік құнының 35 пайызы.

Кооператив жетекшісінің айтуынша, 8 жылдан бері жұмыс істейтін компания Ресейде құрылып, сол жақта тіркелген. Бір қызығы, бұл ұйымның әр елдегі тіркелген күндері әр түрлі. Алматыдағы құжаттарда «бастапқы тіркеу күні» деген бағанда 2018 жылдың 31 қазаны көрсетілген. Ал сайтта көрсетілген ресейлік құжаттарда ұйым осы жылдың 10 қаңтарынан бастап жұмыс істейді делінген. Көрші елдегі кеңсеге бір апта бойы хабарластық. Алайда, ешкім қоңырауларымызға жауап бермеді. Сайтта қалдырған өтінімге де ешқандай жауап болған жоқ. Ең қызығы, алматылық фирмадағылардан лицензияларын көрсетуін сұрағанымызда, оның кооператив жұмысына еш қажеттілігі жоқ екенін айтты. Бұл ретте заңгерлер компания жұмысын қаржылық пирамидаға ұқсатып отыр.  

«Бұл кооперативке инвестиция құйған адамдар енді ақшаларын ала алмайтын шығар. Мұндай пирамидалардың бастапқы кезеңдегі алғашқы төлемдері немесе жылжымайтын мүлік беруі тек жаңадан келген адамдардың, яғни құрбандардың есебінен ғана жүзеге асады. Мәселен, компанияның сіздің алдыңыздағы қарызын сізден кейін келген адамдар жабады. Бұл процесс осылай кезең-кезеңімен жалғаса береді», – деді заңгер Максим МОСТОВИЧ.

Заңгердің айтуынша, қазір қаржы пирамидалары көбінесе кооператив, инвестициялық компания немесе ICO-ның атын жамылып әрекет етеді. Ұзақ уақыт жұмыс істей алмаса да, сол аралықта жүздеген адамды алдап, тонап үлгереді. Соған қарамастан, олардың қылмысын дәлелдеу қиынға соғады дейді.  

«Мұндай кооперативтердің қаржылық пирамида екенін дәлелдеу өте қиын. Ол үшін көптеген қаржылық, аналитикалық сараптамалар жасау керек. Одан бөлек алаяқтардың өзін табу да оңай шаруа емес. Себебі, олар көбінесе Қазақстанда болмайды. Ал жарнама жасап, тұтынушылар тартып жұмыс істейтіндер, әдетте, еңбек келісімшарттары арқылы жұмыс істейді және тек өздерінің лауазымдық нұсқауларымен басшылықты жүзеге асырады. Сондықтан, оларды қандай да бір жауапкершілікке тарту күрделі мәселе», – деді Максим МОСТОВИЧ.

Біздің бастапқы кейіпкерімізге қайта оралсақ. Зейнеткерді кооперативтің не фискалды түбіртекті не келісімшарттың екінші данасын бермегені де алаңдатып отыр. Заңгерлер болса бұл қаржылық пирамида белгілерінің бірі дейді. Алаяқтарды танудың тағы бір жолы - жоғары табыс табасың деп үйіп-төгіп беретін уәделері. Үшіншіден, олар желілік маркетинг принциптері бойынша жұмыс істейді. Төртіншісі - өз қызметтері мен мүліктерін растай алмайды. Сондықтан мамандар сенімді активтерге ғана ақша салуға кеңес береді- жылжымайтын мүлікке, валютаға, алтынға, бағалы қағаздар не болмаса банктен депозит ашқан жөн.

«Менің айтар кеңесім - компанияның немен айналысатынына мән беру керек. Егер заңды тұлға болса, онда оның бизнес-сәйкестендіру нөмірін біліп, қызметінің түрін анықтауға болады. Қаржылық қызметтермен айналысатын кез келген мекемеде лицензия болуы тиіс. Және сол компания туралы Ұлттық банктің пікірін білгеніңіз де артық етпейді», – дейді заңгер Динара МИНИСОВА.

Алексей Разин арызын бір-екі күннің ішінде жазамын деп отыр. Және жалғыз емес, өзі секілді басқа кооперативтерге алданып қалған 2 азаматпен бірге барып жазбақшы. Айтпақшы, біздің елімізде қаржылық пирамида құрғаны үшін 7 жылға бас бостығынан айыру жазасы қарастырылған. Тек өткен жылдың өзінде Қазақстанда қаржылық пирамида құрғандарға қатысты 66 қылмыстық іс қозғалыпты.  

Тоғжан Жалғасбекқызы, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров