Эстрада әншісі Әбдіжаппар Әлқожа бұған дейін «31» арнадан шығатын «Өнер мен өмір» бағдарламасында өзінің Қожа руынан екенін, алайда аталары кезінде қазақтан қыз алып, «қанымыз бұзылды» деген болатын. Оның дәл осы сөзі белгілі заңгер Айгүл Орынбекке жақпай қалды. Ол әншіні халыққа тіл тигізді деп айыптап, заң алдында жауап беруін талап етіп отыр, деп жазды sn.kz.
Заңгер құқық қорғаушыларға әншінің ұлтаралық жанжал тудырып отырғанын, ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша заңды өрескел бұзғанын айтып желіге жазба қалдырды.
«Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру бабымен жазалансын! Сонда қазақ елінде тұрып біз оларды бұзып жатырмыз ба? Қазақтың қаны бұзылған деп отыр ма? Қазақтың қыздары бұзылған ба?», – деп жазды Айгүл Орынбек.
Еске сала кетейік, Әбдіжаппар Әлқожа «Аталарымыз қазақтан қыз алып, қаны бұзылды. Егер қазақтан қан араласқан болса, олардан ишан шығуы қиын» деп сұхбат берген болатын.