Бір ғана Алматыдағы Еріктілер лигасына соңғы 5 жылдың ішінде 120-ға жуық жоғалып кеткен адамның жақындары көмек сұраған. Өйткені, еріктілер көп жағдайда полиция қызметкерлерінен бұрын іске кірісетіндерін айтады. Олар құдды бір арнайы жасақ сияқты жұмыс істейді. Ақпаратты алған сәттен бастап, жүздеген еріктіге міндеттелген тапсырма жүктеледі. Ал полиция саласының ардагерлері құзырлылардың хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу жүйесіне өзгеріс енгізу қажет дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еріктілер күні-түні демей, із-түзсіз жоғалған жанды іздеуде алдарына жан салмайды. Ізім-ғайым жоқ болып, хабар-ошарсыз кеткендерді тіпті, полицейлер мен құтқарушылардан бұрын жақындарына тауып беріп жатады. Күні кеше Астанада із-түзсіз жоғалған бала ашық жатқан құдықтан өлі күйінде табылды. 13 жасар Бақдәулет 16 ақпанда үйінен шығып, қайта оралмаған еді. Төрт күннен кейін баланың мүрдесін беті ашық кәріз жүйелерінің бірінен еріктілер тауып, шығарып алған. Ал баласын таппай, аласұрып іздеген ата-анаға бастапқыда көмекке тәртіп сақшылары, кинолог мамандар, «Ұлттық ұлан» сарбаздары жұмылдырылған еді. Бірақ жоғалған жеткіншекті барлық жертөлелерді, иесіз қалған үйлерді, ашық жатқан құдықтарды, түгел тексеріп, қауіп-қатерге қарамастан тәуекелге барған еріктілер тобы тапты.
«Біз соңына дейін Бақдәулетті тірі күйінде табамыз деп үміттендік. Соған сендік, алайда, олай болмады. Жалпы, оны іздеуге Астанадан ғана емес, бүкіл Қазақстаннан хабарласып, ниет білдіргендер көп болды. Біз 10-15 адамнан топ-топпен бөліндік. Әрқайсымыз белгілі аумақ бойынша қарап тексердік. Арнайы техникасыз жүргендіктен, адамдардың киімдері небәрі 10 минуттың ішінде дымқылданды. Қар деген кеудеден келеді. Оның үстіне, ашық жатқан құдықтар өте көп. Іздеу барысында ішіне еріктілеріміз де құлап жатты», – деді ерікті Айзада ЖҮСІПОВА.
Есік ашылған сайын қуанышты хабар күтіп, үміт үзбей отырған тағы бір отбасы – Кенжемолдаевтар әулеті. Мәскеуге жұмыс істеуге кеткен Алматы облысының тұрғыны Жүніс Күнбалатовты бәзбіреулер
Құлдықта ұстап отыр ма деп алаңдаулы жақындары. Ауылда жұмыссыз жүргенше нәпақаны сырттан табамын деп кеткен жігіт Мәскеудегі «Казань» вокзалында қара жұмысқа тұрғанын хабарлапты. Ал соңғы рет былтыр қазан айында «Мені тонап кетті» деп қана қысқаша ақпарат берген. Содан бері із-түзсіз кеткен жігіттің жоғалғаны жайлы өзінен де, құзырлылардан да хабар жоқ. Жүністің туыстары енді Ресейдің еріктілерінен көмек сұрауға ниетті.
«Айтып кеткендей, оны сол жұмысқа көрші ауылдың балалары ертіп апарған. Бірақ оларды да көрсетіп жазғанбыз. Әлі тергеу істері жүргізілген де жоқ. Ешқандай жұмыс нәтиже беріп жатқан жоқ, сондықтан қайта-қайта арызданып жатырмыз. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ», – дейді заңгер Аркен КЕНЖЕМОЛДАЕВ.
Алматының «Барахолка» базарында қарашаның қара суығында із-түзсіз жоғалып кеткен Мәди Қарамолдаевтан да әлі еш хабар жоқ. Алып шаһарда адасқан адамды табуда салғырттық танытқан тәртіп сақшыларына жігіттің туыстары әлі наразы. Өйткені, Мәдидің жоғалғаны туралы ақпарат әуелі біздің арнада айтылғаннан кейін, оны көрген Абзал Маралбек есімді тұрғын хабарласып, Мәдиді полицейлердің қолына тапсырғанын айтады. Жетісу аудандық Ішкі істер басқармасына да жоғалған жігіттің жақындары дәл сол күні арыз түсіреді. Бірақ Мәди бір күннен кейін Түрксіб ауданынан табылады. Тәртіп сақшылары жоғалған адамдардың тізімі бізге бір тәуіліктен кейін ғана түседі деп, оның жоғалғандар қатарында болмаған соң жібердік деп айтыпты. Қалай болғанда да, Мәдидің туыстары қолында қайда баруы керек екені жазылған қағазды көре тұра, оны полицейлердің неліктен жібере салғанын түсінбей дал. Енді Жетісу аудандық Ішкі істер басқармасы мен Түрксіб аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері ісіне салғырт қарағаны үшін олардың үстінен жігіттің туыстары қалалық Ішкі істер департаменті мен прокуратураға арыз жазған. Бұл отбасы да енді еріктілердің іздеуін сұрап отыр.
«Мәдидің қалтасындағы қағазға қарап, біреулер оған, яғни менің ағама көмектесіпті де. Қағазда орысша: «Помогите найти, довести до Сайрана. И отправить там в Чу» деп жазылып тұрған. Және өзінің аты-жөні «Қарамолдиев Мәди» деп бөлек қағазда жазылып тұрған. Полициядағылар іздеуде жүргендердің деректер базасын да ашып қарамаған ғой», – дейді М. Қарамолдаевтың інісі Арман ОЛЖАБАЙ.
Еріктілердің сөзінше, жақынын жоғалтқан жан жылап-еңіреп келген сәттен бастап, іздеу операциясы басталып кетеді екен. Ал полиция қызметкерлері шағым түскен соң, бірнеше күннен кейін ғана іске кірісетін болса керек. Әр минутты бағалайтын еріктілер кеткен уақыттың зая өтпеуіне талпынамыз дейді. Көмекке мұқтаж жандар туралы ақпаратты шұғыл түрде 40-тан астам үйлестіруші өз топтарына тарқатып, сол күннен қалдырмай жұмысқа жұмыла кірісіп кетеді екен.
«Біз білетін полицей қызметкерлері кем дегенде, 2-3 күннен кейін іске қосылады. 3 күннің арасында не болып кеткені ешкімге мәлім емес, өйткені 1 сағаттың ішінде көп нәрсе өтіп кетуі мүмкін. Еріктілер лигасында 40-тан астам үйлестіруші, әр үйлестірушінің өз командасы бар. Әр топ кем дегенде, 100 адамнан тұрады. 300, 500 адамдық топтар да бар. Әрқайсысының уатсап, телеграмм желілері бар. Сол желілерде алдымен үйлестіруші топтарға хабарлама түседі. Одан кейін солар ақпаратты өздерінің топтарына жеткізеді», – деп түсіндірді Еріктілер лигасының үйлестірушісі Қымбат НҰРТАЕВА.
Әдетте, полиция қызметкерлері іздеу операциясын жағдайға байланысты қарастырады екен. Ақыл-есі дұрыс, ересек адам жоғалып кетсе, іске 3 күннен кейін кіріседі. Өйткені, көп жағдайда азаматтар өздері үйлеріне қайта оралып жатады екен. Ал кәмелетке толмаған балалар мен ақыл-есінде ауытқуы бар азаматтар кенеттен ізім-ғайым жоғалып жатса, іздеу операциясы шұғыл түрде басталады.
«Іздеу тобы ең алдымен, жоғалған азаматтың тұрғылықты мекен-жайы маңайынан іздейді. Оның жақындарына сұрау алынады. Соңғы кезде немен айналысып жүргені ескеріледі. Түрлі жағдайлар болып жатады. Бірде жылжымайтын мүлік сатқан адам із-түзсіз жоғалып кетті делік. Мұндай кезде аса қомақты қаражатпен жүргені басты назарға алынады да, іздеу дереу жүргізіледі. Ал жасөсіпірімдер көбінесе компьютер клубтарынан табылып жатады. Азамат табылмаған жағдайда ең соңында, адам танымастай бүлініп кеткен мүрделердің ішінен, ауруханаға құжатсыз түскен науқастардың арасынан іздестіріледі», – деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Ал 20 жылдан астам уақыт бойы полиция қызметкері болып жұмыс істеген Өтеген Мырзағалиев жоғалған адамды іздеп тапқан полиция қызметкерінің шенін өсіру керек деп есептейді. Мұндай мадақ оларды қызметіне деген жігерін оятады дейді. Оған қоса, ардагер құзырлы орган қызметкерлерінің штат санын арттыру-іздестіру шараларына оң әсер ететінін қоса айтты. Бастысы, полиция ардагері жүйенің өзін түбейлі өзгерту керек екенін ашып айтты.
«Учаскелік полиция қызметкерлері өз жұмысына салғырт қарайды. Бұрындары барлық тұрғындарды кеш қарайғаннан кейін тексеріп шығатын. Ал қазір ондай жоқ. Тек шақыртумен ғана келеді. АҚШ-та осындай учаскелік полицейлерге шағым түсе бастаған кезде бір көлікке екі полицейдің отыруына шектеу қойды. Өйткені, екі адамның басы қосылса, жұмыс өнбейді. Екеуара әңгіме-дүкен құрып, тамақтануға кетіп қала береді. Қазір жоғалып кеткен адамды барлығы жұмыла іздемейді. 10 жылдан кейін табылмаса, тізімнен шығарып тастайды. Болды, сонымен іс бітті деп, жабылады. Ал қашып кетеді де, жылдап ұстатпай жүретін небір алаяқтар бар ғой. Кейін ол адам іздеу салынғандар тізімінен жоқ болып шыға келеді», – деп пікір білдірді полиция қызметінің ардагері Дмитрий ЧУМАК.
«Тауып берген, іздестіруге көмектескен полицияға марапаттау тұрмақ, медаль беру керек. Адам тірі табылса, еңбекақысын көбейту керек. Штаттан тыс қызметкерлер санын да өсірсе, жақсы нәтиже берер еді», – дейді полиция қызметінің ардагері Өтеген МЫРЗАҒАЛИЕВ.
«Еріктілер лигасы» қоғамдық қорында барлығы 12 мың азамат тіркелген. Ең кішкентай волонтер – 12 жасар бала болса, үлкені 70-тен асқан қария екен. Барлығының көздегені – айналасын сәл де болсын нұрландырып, дәрменсіз жандарға жәрдемдесу. Айтпақшы, олар осыған дейін жоғалған жүзден астам адамның ізіне түсуде үлестерін аямапты. Өз жұмыстарына білек сыбана кірісетін еріктілер қоғамның кез келген мәселесімен бетпе-бет кездесуден қорықпаймыз әрі оны шешу жолында маңдай терді төгуге тартынбаймыз дейді. Осы ретте, қолғабыстықты қажет еткен алматылық ағайын қоғамдық қордың телефон нөміріне қоңырау шалса да болады.
Бұл еріктілер еңбегінің бір көрінісі ғана. Бұдан бөлек, түрлі себептермен көмекке мұқтаж жандардың хабарласып жататынын да ескерген жөн.
Әйкерім Ердәулетқызы