Ертеңнен бастап Алматыдағы №65 бағытқа су жаңа автобустар шығады. Осылайша жолаушылар ыңғайлы әрі сыйымдылығы кең қоғамдық көлікпен қатынайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа автобустардың сапасын қала басшысы Бауыржан Байбек тексеріп көрді. 12 метрлік қоғамдық көлік жолаушыларға жайлы. Еуро-5 стандартына және экологиялық талапқа сай келеді. Ал бұған дейін бұл бағытта жүрген автобустар енді №4 маршрутқа жіберіледі. Шаһар басшысы қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты. Осы тұста автобус жүргізушілерінің де қызмет сапасы мінсіз болуын ескертті. Әкім жүргізушілердің жағдайын тыңдап, олардың жоғары жалақы алатынына көз жеткізді. Қаланың автопаркін жаңарту жұмыстары биыл да қарқынды жүргізілмек.
«Биыл 300-ден астам автобусты жаңартсақ деп отырмыз. Биылдыққа бұл 20 жаңа автобусты алғаш рет іске қосып отырмыз. Бүгінде қаладағы қоғамдық көліктердің 86%-ы жаңартылған. Енді жаңарту жұмыстарын 90 пайыздан асырсақ дейміз», – деді Алматы қаласы Мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан ӘДІЛОВ.
Айта кетейік, былтыр Алматы қаласының қоғамдық көліктерін реформалау қызу жүргізілген еді. Нәтижесінде, 500 жаңа автобус сатып алынып, тозығы жеткен жолаушылар көліктерінің көзі жойылды.