Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне кіріскеніне тура бір жыл. Осы азғантай уақыт аралығында атқарылған іс қандай? Нендей өзекті түйткілдер шешілді? Президент пәрмені жүзеге асып жатыр ма? Almaty.tv тілшісі отандық және шетел саясаттанушыларының пікірін біліп көрді.
«Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу». Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы дәл осылай аталған еді. Бір жыл бұрын кезектен тыс өткен сайлауда үміткер көптің көңілінен шығып жеңіске жетті. 12 маусымда Президенттік қызметке кірісті.
Егеменді ел тарихындағы екінші басшы, талай мәселені тізбектеп, күрделі түйткілдерді шешу жолдарын ұсынды. Барлық іс тәжірибелі саясаткердің пікірінше сабақтаса жасалуы тиіс. Бірінші кезекте мұқым елдің мүддесі қорғалады деген Президент, әуелі әділдік пен ашықтық орнайтынын айтты.
«Біз бұрын ең алдымен банкттерге көмектесетін едік. Банктерден кейін екінші кезеңде құрылыс компанияларына көмектесу деген болды. Енді осы бір жылдың ішіндегі үлкен өзгеріс – жекелеген тұлғаға, азаматтарға көмектесу деген саясат жүріп келе жатыр. Қарыздарды жабу, салықтық және басқа да жеңілдіктер беру, кәсіпкерлерге, басқаларға осы дағдарыс кезінде атаулы көмек көрсету. Мұның бәрі де жалпы биліктің философиясының өзгергенін айқындайды», – деді саясаттанушы Айдос Сарым.
Өрлеуге басқан қадамның алғы шарты осы дейді сарапшылар. Қысқасы, жұрттың жайы жайланбай, қазаны майланбайды. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен көпбалалы аналарға жаңа жәрдемақы тағайындады. Ал, қазынадан бөлінген 149 млрд теңге банкке берешегі барлардың қарызын жапты.
«Бейбіт жолмен ауысқан жаңа биліктің бірден елдегі демократиялық процестерге ден қойып, азаматтық қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатуы жоғары бағаға лайық. Біз, соңғы уақытта Қазақстанда билік пен бұқараның арасындағы сенімнің артқанын байқадық. Көшбасшылар мен қарапайым халықтың арасында диалог пайда болды», – деді Азиялық зерттеулер еуропалық институтының сарапшысы Альберто Тюркстра.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» дәл осылай қалыптаса бастады. Елдің сөзі билікке жету үшін барлық шенді әлеуметтік желіден аккаунт ашты. Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесі құрылып, оған мемлекеттік қызметте жүргендер емес, ел ішіндегі ахуалды білетіндер мүше болды. Сөйтіп, көкейде жүрген көп сауал Президент алдында ашық талқыланды.
«Қазақстанды демократияландыру, шағын және орта бизнесті қолдау, қазақстандықтардың өмір сүру жағдайын жақсарту, әлеуметтік-экономикалық реформалар бойынша ілгерілеу байқалады. Польшаның бұрынғы Әділет министрі ретінде мен Қазақстанның Қылмыстық кодексінің реформасын жоғары бағалаймын», – деді Еуропалық парламент депутаты Влодзимеж Цимошевич.
Иә, Қылмыстық кодексте де реформа жасалды. Жеткіншектерге зорлық жасайтындар мен бірқатар заңбұзушылықтың жазасы қатаңдатылды. Ал, арақ ішіп, көлік жүргізетіндерге тіптен кешірім жоқ.
19 наурыз. Бүкіл әлемді әбігерге салған вирустың кесірінен Қазақстан қалалары жабылды. Ел ішінде алыс-беріс пен барыс-келіс күрт тоқтады. Бұл бірінші кезекте халықтың қамы үшін жасалған шешім болды. Ал, осы бір сәтте табысы тоқтап, нәпәқасыз қалғандарға мемлекет қарайласты. Әлеуметтік төлем тағайындалып, 42500 теңгеден үлестірілді.
«Менің шотыма 42 500 теңге түскенде қатты қуандым. Сол ақшаны бірден алып, балаларға дәрумен алдым, йогурт алдым. Балаларым да, мен де, үй ішімізбен қуандық», – деді қала тұрғыны Зарина Сарсекеева.
Ел тәртіпке бағынды. Ережені ескерді. Нәтижесінде індетті ерте біліп кеш күрескен кейбір елдер сияқты ес кетпеді. Өкінішке қарай, адам шығыны болғанымен, вирустың жаппай таралуына жол берілген жоқ. Мемлекет басшысының өзі, елмен бірге екенін айтып, сабырға шақырды. Бірігіп жеңеміз деп сендірді.
«Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл – уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек! Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет. Еліміздің барлық азаматтары өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін. Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек», – деді Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Карантин кезінде қызметінен қағылып қалғандар көп дедік. Елдегі жұмыссыздар саны 600 мыңға жуықтады. Алайда билік соның алдын алуға қамданды. Жыл соңына дейін 1 млн 220 мың адамды қамтитын жаңа бағдарлама әзірленді.
«Біз «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөліп отырмыз. Бұл – қомақты қаражат. Оны шағын бизнесті несиелеуге де пайдалануға болады. Соның бәрі құзырлы орындардың бақылауында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуы тиіс. Осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет», – деді Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал, елу жылда ел жаңа болатынынында дау жоқ. Мемлекет басшысы келешекте билікке келер жастар қазірден бастап тәжірибе жинақтауы қажет деді. Сөйтіп, өткен жылы Президент кадрлық резерв жасақтады. Іріктеуге 13 мың адам қатысып, үздік көрінген 300-і таңдап алынды. Бүгінде олардың біразы биліктің бір шетінде жүр.
«Еуропаның үлкен экономист ойшылы Йозев Шумпетер деген кісі болған. Соның түсінігінде экономикада, саясатта «салиқалы бұзу» (созидательное разрушение) дейтін ұғым бар екен. Мінекей, кез келген қоғам, кез келген экономикалық режим, саяси режим белгілі бір дәрежеде өзін-өзі ақтай алмайтын жағдайға келетін кездер болады. Сол кезде міндетті түрде дұрыс билік өзгерістерге бет бұрады. Өзінің құрылымын, саясатын өзгерте бастайды. Меніңше, Тоқаевты бетбұрыстың, саяси өзгерістердің, экономикалық өзгерістердің көшбасшысы, соның бір жарқын көрінісі деп айтуға болатын шығар», – деді саясаттанушы Айдос Сарым.
Бұдан былай өз ойын ашық білдіруге ешкім шектеу қоймайды. Қоғамда біраз уақыт талқыланған митинг туралы заң ақыры қабылданды. Енді бейбіт шеруге шығатындарға жол ашық. Арнайы рұқсат қажет емес, тек алдын ала құзырлы органға ескертсе болғаны.
«Енді бейбіт шеру өткізу үшін рұқсат алудың қажеті жоқ. Тек міндетті түрде мәлімдеме жазып, жергілікті әкімдікті ескерту керек. Сондай-ақ, жиналыс жайлы ескертудің мерзімі де қысқартылды. Егер де бастапқы жобада 15 күн болса, қазір депутаттардың ниеті бойынша 5 күнге дейін қысқарып отыр. Митингтер кенеттен болатынын білеміз. Сондықтан осындай ұзақ мерзім қарапайым бұқараның өз ойын жеткізуге кедергі болатын», – деді Қазақстан заңгерлер одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Серік Беркамалов.
Бұл қоғамның ойын бүкпесіз жеткізуге жасалған қадам. Айта кетейін, Президент осы бір жылда 100-ге жуық заңға қол қойған екен.
Президент пәрмені барлық өңірде қарқынды орындалып жатыр. Мәселен, Алматыда жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, қала экономикасын ілгерлету сынды істер бір сәтте тоқтаған емес. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев елмен ұдайы кездесу өткізіп, әр тұрғынның мәселесін өз аузынан естиді. Бұл, билік пен бұқара арасындағы алшақтықтың жойылғанын көрсетсе керек. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттікке сайланғаннан кейін Алматыға екі мәрте келді. Осының өзі тәуелсіздігіміздің алтын бесігі саналатын Алматының ел өмірінде ерекше орын алатынының белгісі.
Үмбетәлі Меймеш, «Алматы» арнасы