Ертеңнен бастап туристер көптеп келетін орынның бірі – Қапшағай аумағындағы суға түсу жағажайлары өз жұмысын қайта бастайды. Десе де санитарлық талаптар толығымен сақталуы тиіс. Бүгін Қапшағай қаласының санитар мамандары одардың ашылуы алдында дайындық жұмыстарын тексерді. Тұрғындарға суға түсу кезінде қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек? Жағажайға кіру үшін тест сынамасы қажет пе? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.
Елдегі көрсетілетін қызметтер мен бағасы жағынан көңілге қонымды демалыс орталығының бірі Қапшағайда әдеттегі жылдары мұнда қарағұрым адам болатын. Өздеріңіз көргендей, қазір мұнда ешкім жоқ. Әлемдік пандемияның Қазақстанның ішкі туризмге де кері әсерін тигізгені белгілі. Алайда ертеңнен бастап мұнда шомылу маусымы ашылады. Шомылу маусымы басталысымен, Қапшағай қаласының тұрғындар саны үш есеге дейін ұлғаяды.
Қапшағай маңында 140-тан астам демалыс орны бар. Шомылуға рұқсат берілмесе де, көпшілік ми қайнатар ыстықта жағажай жанына көптеп баратын көрінеді. Сол себепті қазір мұнда су жағасына апарар негізгі жолдарға блок-бекеттер қойылған. Ертеңнен бастап олардың бәрі алынады.
«Қапшағай қаласында туризмге көптеп көңіл бөлініп жатыр. Қазіргі таңда қалалық жағажайлар абаттандырылып жатыр. Алматы демалыс базалары деп жатқаным – Кеңес одағы кезіндегі демалыс базалары ғой сол, жерлерге жол төселіп жатыр. Биыл 900-950 мың адам демалуға келеді деп күтілуде», – деді Қапшағай қаласының Спорт және туризм бөлімінің басшысы Айдын Абылқасым.
Ксения Черненко – демалыс орталығының басшысы. Әлемдік пандемия оның кәсібіне де біраз тұсау болғанын жасырмады. Соған қарамастан демалушылар үшін баға өткен жылдың көлемінде сақталатынын айтты. Жағажайдың ашылу жұмыстарына дайындықты үш ай бұрын бастаған. Тексеріс жұмысын жүргізген рейдтік топ мұнда біраз қателіктің барын анықтады. Тамақтанатын орындардың арасы тым жақын және жағажай ішіндегі антисептиктер аз.
«Ертеңнен бастап қонақтарды қабылдауға дайынбыз. Бір уақытта 120 адамды қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Мамандар қазір аздаған кемшіліктерді атады. Ертеңге дейін қалпына келтіруге тырысамыз», – деді демалыс орталығының директоры Ксения Черненко.
Бүгінде Қапшағай қаласында эпидимологиялық жағдай тұрақты. Өткен аптамен салыстырғанда ауру көрсеткіші 5 пайызға төмендеген. Қала бойынша 49 адам COVID-19 індетін жұқтырған. Оның 35-і жазылып ауруынан айығып шығыпты. Демалыс орындарына кіру үшін тұрғындардан тест сынамасын тапсыру қажет етілмейді.
«Әр демалыс орнында медициналық пункттер болады. Олардың өз термометрлері бар. Адамдарды дене қызуын өлшеп кіргізеді. Ал қызуы көтерілген адам болса, оны жедел-жәрдем шақырып апартын жерге апарады», – деді Қапшағай қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Амантай Қамалбаев.
Биыл әлемде коронавирустың өршіп тұрғаны себепті шет мемлекетте демалу аса қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Сол себепті де жағажай иелері қазақстандықтар демалу үшін ішкі туризмді көптеп таңдайтынына үмітті. Шомылу маусымы 1 қыркүйекке дейін жалғасады.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы