Тұсаукесер: «Алматы»телеарнасында жаңа телехикая

Almaty.tv
Almaty.tv

Бүгін «Ымырт» телехикаясы көрерменге жол тартады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін «Алматы» телеарнасы түсірген «Ымырт» телехикаясы көрерменге жол тартады. Жастардың мәселесін арқау еткен туынды әлеуметтік драма жанрында түсірілген. Алғыр әрі қаржылық жағынан табысты қатарласынан өзін кем санаған жігіттердің басынан кешкен оқиға желісі көрерменді баурап алады. Басты рөлде Қазбек Төлен ойнайды. Сюжет желісі бойынша ол әкесінің өліміне себепкер болады. Осы жағдайдан кейін оқиға шиеленісе түседі.

«Темірланды сомдау мен үшін қиын болды. Себебі ол әкесінің, достарының өліміне себепкер болады. Сондықтан да ауыр сахна көп болды. «Алматы» телеарнасының көрермендері, әсіресе жастар, сериалды міндетті түрде көріңіздер. Себебі бұл - ой саларлық, әр қадамыңды ойлап басуға шақыратын сериал. «Өзің болып өзіңді көрсетейін өзіңе» дегендей, барынша жастарды көрсетуге тырыстық», - дейді ол.

Ал Темірланның досы Нұрдостың рөлінде ойнаған Бекет Райымбектің айтуынша,  сериалдың мақсаты –  жұмыссыздықтың қандай мәселелерге әкеп соқтыратынын көрсету.

«Сериалдың негізгі айтар ойы – жұмыссыздықтың көптеген мәселеге жол ашатыны. Жұмыссыздық адамды жамандық жасауға итермелейді. Сериалда маңдай термен ақша табудың орнына ұрлыққа түсеміз. Барлығы осы қылмыстан басталып, адам өліміне дейін барады. Біздің мақсатымыз – жамандықты әспеттеу емес, керісінше, ондай қылмысқа бармау керегін көрсету. «Алматы»  телеарнасының үлкен өмірге енді аяқ басқан жас көрермендеріне айтарым - кино  шынайы өмірдің айнасы ғана. Сол дүниелерді көгілдір экранның ар жағынан көре отырып, шынайы өмірде ондай дүниелерді жасамауыңызды өтінеміз. Өмірдің ағы мен қарасын ажырата білейік», - дейді актер.

Телехикая бүгіннен бастап дүйсенбі-жұма аралығында сағат 21:50-де «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі.

Новости партнеров