«Няня» сериалы – «Алматы» телеарнасы Salem social media-мен бірлескен жобасын ұсынады

«Няня» сериалы – «Алматы» телеарнасы Salem social media-мен бірлескен жобасын ұсынады
Жәнел Серғазинаның айтуынша, батыл кейіпкерінен шабыт алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жуырда "Алматы" телеарнасынан Salem social media-мен бірлесе түсірілген "Няня" телесериалы көрерменге жол тартады.

Жаңа лирикалық драма жанрындағы сериал қоғамда өз орнын таба алмай жүрген қыз-келіншектерге арналған. 

Телесериалда абьюзер күйеуінен (Қобыланды Болат) қашып кеткен жалғызбасты ана (Жәнел Серғазина) ұлын асырауға бар күшін салады. Құрбысы (Салтанат Құдайберген) оны арнайы орталықтан келді деп өтірік алдап, қатал бай (Әсел Қалиева) әйелдің үйіне жұмысқа кіргізеді. Нәтижесінде олардың жоспары жүзеге асып, осы істі бизнеске айналдырады. Бірақ олар өмірін түбегейлі өзгертетін қиындықтарға тап боларын білмейді.  

Басты рөлдегі актрисаның айтуынша, батыл кейіпкерінен шабыт алған.

"Бұл рөл бұрынғы ойнаған сериалдарыма қарағанда өзгеше. Себебі ауыр тағдырды басынан өткізетін Жанар қиындықты баласына көрсетпей, оған жақсы жағдай жасауға тырысады. Ол сырттай нәзік болса да, жан дүниесі мықты кейіпкер. Оның жан-жағындағы адамдардың бәрі  "сенің балаңа әке, ал саған күйеу керек",- дейді. Ал ол "кешіріңдер, мен өзімді таңдаймын!" - деп жаңа өмір бастайды. Нәтижесінде ол бизнес бастап, басқа қыз-келіншекке де көмектесе алатын дәрежеге жетеді. Мен батыл кейіпкерімнен шабыт алдым", - деді Жәнел Серғазина. 

Ал сценарист және Salem social media креативті продюсері Майя Искакованың айтуынша, бұл сериалдың мақсаты - жалғыз басты әйелдердің жетістікке жете алатынына көз жеткізу және оны көрсету.

"Біз қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерте тұрмыс құру, жоғарғы білім ала алмау, отбасына бөтен адамдардың сын айтуы, ажырасу, жалғыз басты ананың қайта аяққа тұруы, қоғамдағы әйелдердің бизнес бастауы сынды өзекті тақырыптарды қамтыдық. Байқап қарасаңыздар біз басты кейіпкердің бала күтуші болып жұмысқа орналасуын да жайдан жай ойластырылмады. Сериалдың негізгі идеясы осы тақырыптарды қамти отырып, әрбір қыз-келіншектің жетістікке жете алатынын, өмірінде жақсы сәттердің де болатын көрсетеміз", - деді ол.

Телесериалды 22 қазаннан бастап, демалыс күндері сағат 22:00-де "Алматы" телеарнасынан көрсетіледі. 

Екінші серия  жексенбі күні, 23 қазанда көрсетіледі. Жалпы, жаңа бөлімдер демалыс күндері сағат 22-00-де шығады.

Сондай-ақ "Няня" сериалының трейлері Youtube, Aitube желісіндегі Üide арнасынан 26 қазанда көре аласыздар.

Новости партнеров