Адам жанына жайлы қала: Алматы қалай көркейіп келеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty TV телеарнасы Алматының қоғамдық кеңістіктерін дамытуға, ауқымды абаттандыру жобаларына және жайлы қалалық орта қалыптастыруға арналған «Архитектор» ақпараттық-ағартушылық бағдарламасының жаңа шығарылымын ұсынады. Бағдарламада жаңа саябақтар мен гүлзарлар, қала көшелерін жаңарту, көгалдандыру және мегаполис тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталған кеңістіктерді ұйымдастырудың заманауи тәсілдері сөз болады.

Саябақтар мен гүлзарлар, серуендеу жолдары, веложолдар, абаттандырылған көшелер мен жайлы демалыс орындары біртіндеп қалалық ортаның ажырамас бөлігіне айналып келеді. Негізгі мақсат – мегаполистің сыртқы келбетін жақсартумен ғана шектелмей, қала тұрғындарының күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасау, үйге жақын маңда серуендеуге және демалуға мүмкіндік беру.

Қалалық ортаның өзгеруіне мысал ретінде Масанчи көшесіндегі гастрономиялық көшені атауға болады. Мұнда ғимараттардың қасбеттері жаңарып, іргелес аумақ абаттандырылды, серуендеп, демалуға арналған кеңістік жасалды. Ландшафт сәулетшісі Роман Шнайдерманның пікірінше, мұндай жобалар қалалық өмірдің үйреншікті бөлігіне айналуы керек.

«Ең дұрысы, әрбір тұрғын үйінен жаяу шыққанда 15 минутта өзіне ұнайтын жайлы орын тауып, жақындарымен кездесіп, жағымды ортада уақыт өткізе алуы керек», – дейді Роман Шнайдерман.

Сарапшы қалалық кеңістіктерді бірыңғай тәсілмен безендіру қажеттігіне де назар аударады. Көшелерді абаттандыру кезінде Алматының сәулеттік ерекшеліктері ескеріліп, үйлесімді түстер, заманауи жарықтандыру элементтері мен жергілікті климатқа қолайлы өсімдіктер таңдалады. Сонымен қатар аумақтың функционалдығына ерекше мән беріледі. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер бағытының қолайлылығы, велоинфрақұрылымды дамыту және кешкі уақытта жайлы орта қалыптастыру көзделеді.

«Қазір бір мезгілде 10-12 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бастапқыда әкім қаланың бірыңғай стилін айқындауды тапсырды. Әртүрлі идея талқыланып, нәтижесінде жабындарды безендіруде негізінен жылы ақшыл сары түсті қолдану туралы шешім қабылданды. Алматыдағы ғимараттардың басым бөлігінің қасбеті ақшыл сары, сары және қызғылт сары реңкпен боялған. Мұны Масанчи көшесінен, Достық даңғылынан және Пушкин көшесінен анық байқауға болады. Алдағы уақытта басқа аумақтарды абаттандыру кезінде де осы түстер үйлесімін ұстану жоспарланып отыр. Жарықтандыру құрылғылары неоклассикалық стильде жасалған, өйткені Алматыда классикалық сәулетте салынған ғимараттар аз емес. Көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінеді», – дейді Роман Шнайдерман.

Сәулетшінің айтуынша, қазіргі қала құрылысы шешімдерінің басты міндеті – Алматыны адам жайлылығына бағдарланған қалаға айналдыру. Мұндағы инфрақұрылым тек автокөлік жүргізушілеріне ғана емес, жаяу жүргіншілерге де қолайлы болуы керек.

«Сәулетші» бағдарламасында қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамытуға арналған қазіргі жобалар мен алдағы жоспарлар туралы Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Бекарыс Әнуарбеков айтып береді.

«2026 жылы қалада көшелер мен қолданыстағы жасыл аймақтарды қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 34 шақырым болатын сегіз негізгі көшеде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында Масанчи, Розыбакиев, Сәтбаев, Жароков, Жандосов және Тимирязев көшелері, сондай-ақ Абай және Сейфуллин даңғылдары бар. Бұған дейін Алматыда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аумағы 5,5 гектар болатын Flow Park спорт саябағы ашылды. Сондай-ақ Түрксіб ауданындағы 137 гектар аумақты алып жатқан Баум тоғайы қайта жаңартылды», – деп атап өтті Бекарыс Әнуарбеков.

2027-2028 жылдары тағы 20 көшені жаңарту және екі жаңа саябақ ашу жоспарланған. Олардың бірі тақырыптық саябақ болады және «Қазақфильм» киностудиясының маңында орналасады. Ал екіншісі – Жапон бағы – қаланың орталық бөлігінде, Сәтбаев көшесінің бойында ашылмақ. Бұдан бөлек, Түрксіб ауданында Әуежай көлі маңынан экопарк ашу, ал Сайран көлінде солтүстік шұғыла әсерін беретін субұрқақ орнату жоспарланып отыр.

Қалалық ортаны дамытудың тағы бір бағыты – қоғамдық кеңістіктердің халықтың барлық санатына қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Жобаларды жүзеге асыру кезінде кедергісіз қозғалыс бағыттары, тактильді тақталар, қолайлы жаяу жүргіншілер өткелдері қарастырылып, веложолдар желісін кеңейту көзделеді.

Бекарыс Әнуарбековтің айтуынша, жобаларды әзірлеу кезінде тұрғындардың пікірі де ескеріледі. Қала тұрғындарының ұсыныстары мен ескертулері қоғамдық тыңдаулар барысында жиналып, әлеуметтік желілерге түскен өтініштер негізінде талданады. Қолданыстағы ағаштар мен жасыл желектерді сақтауға да ерекше көңіл бөлінеді.

Урбанист-сарапшы Аслан Қандығұлов қоғамдық кеңістіктер қаланың келбетін қалыптастыруда ғана емес, адамдардың күнделікті өмірінде де маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Таза ауада демалу, қаланың қарбалас ырғағынан бір сәт тынығып, отбасымен уақыт өткізу мүмкіндігі тұрғындардың эмоционалдық жағдайына оң әсер етеді.

Сонымен қатар сарапшы қалалық ортаны дамытуды ірі саябақтар салумен ғана шектеуге болмайтынын айтады. Бос аумақ тапшы жағдайда шағын гүлзарлар мен қалта-саябақтар, сондай-ақ кафелері, серуендеу аймақтары және адамдарды тартатын басқа да орындары бар көгалдандырылған көшелер маңызды рөл атқара алады. Мұндай шешімдер қаланың бұрыннан қалыптасқан аудандарында да жайлы кеңістіктер құруға мүмкіндік береді.

«Жаңа кеңістіктер құрумен ғана шектелмей, оларды мазмұнмен, мұқият ойластырылған функциялармен және қызықты сәулеттік шешімдермен толықтыру маңызды. Ең бастысы, тек қолайлы ғана емес, эстетикалық тұрғыдан тартымды да болуы керек. Әр адам мұндай жерде өзін жайлы сезінуі қажет», – деп атап өтті Аслан Қандығұлов.

Абаттандыру жұмыстарының табысты болуының маңызды шарттарының бірі – қала тұрғындарының өздерінің қатысуы. Мұны Алматы тұрғындарының «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы аулаларын өзгертуге ықпал ете алатыны дәлелдейді.

Қала тұрғыны Айым Әби өтінімі мақұлданғаннан кейін өзі тұратын ауланың өзгергенін айтады. Аумақ жаңаша абаттандырылып, көршілер ұсынысы ескерілген екен. Соның нәтижесінде аула балалар мен ересектер үшін қолайлы бола түскен. Бұл орын оның отбасы үшін айрықша маңызға ие: алматылық әйелдің жақындары осында бұрыннан тұрып келеді.

«Біздің ауламыз өзгеріп, көріктті әрі жайлы бола түсті. Балалар да, ересектер де қуанып жүр», – дейді Айым Әби.

Бұл ауланың тарихы жайлы қалалық ортаның тек ауқымды жобалардың арқасында ғана емес, өздері тұратын кеңістіктің сақталып, дамуына мүдделі тұрғындардың бастамалары арқылы да қалыптасатынын көрсетеді.

Қазіргі Алматы – жаңа саябақтар, абаттандырылған көшелер мен жасыл аллеялар ғана емес, жаяу жүргіншілер бағыттарының қолайлылығынан бастап, әр жастағы және әртүрлі мүмкіндігі бар адамдарға қолжетімділікке дейінгі барлық қыры ескерілген көрікті кеңістіктер. Сауатты сәулеттік шешімдер, табиғатқа ұқыпты қарау және қала тұрғындарының белсенді қатысуы өзара үйлесім тапқанда ғана адамдар бос уақытын өткізгісі келетін, жақындарымен кездесіп, өздерін қаланың бір бөлшегі ретінде сезінетін қолайлы орта қалыптасады. Өйткені жайлы мегаполис тек ауқымды жобалардан емес, әр адамның күнделікті өміріне деген қамқорлықтан да басталады.

Оқи отырыңыз: Болашаққа ұмтылған Алматы: жаңа орталықтар мен инфрақұрылым